Алматы облысында оңды-солды таратылған 35 мың гектардан астам жер мемлекеттің меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
20 адамға бизнес жүргізу мақсатында берілген жерлерді Антикор анықтады.
«Осылайша, Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімдерімен мемлекет меншігіне Еңбекшіқазақ ауданы бойынша аумағы 247,4 га 1 учаске, Жамбыл ауданы бойынша аумағы 29,2 мың га 8 учаске, Іле ауданы бойынша аумағы 931,6 га 1 учаске, Қарасай ауданы бойынша аумағы 7 га 1 учаске, Кеген ауданы бойынша аумағы 1,5 мың га 1 учаске, Талғар ауданы бойынша аумағы 558,1 га 1 учаске және Қонаев қаласы бойынша аумағы 2,9 мың га 7 учаске қайтарылды», - делінген ведомство хабарламасында.
Қайтарылған жерлер бойынша бөлу жұмыстарын жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Жалпы жыл басынан бері мемлекет меншігіне ауыл шаруашылығы мақсатындағы ауданы 51,4 мың гектар 55 жер учаскесі қайтарылды.
«Аталған жерлер жергілікті атқарушы органдардың қызметінде бизнес үшін жер учаскелерін бөлу және қолжетімділік мәселелері бойынша жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау шеңберінде анықталды», - деп мәлім етті Антикор.
Айта кетейік, бұдан бұрын Атырауда жер қатынастары, сәулет және Атырау қаласы әкімі аппаратының бөлімдерінің бұрынғы басшылары қамауға алынған. Облыстық прокуратура мәліметінше, лауазымды тұлғалар жер учаскелерін бөлу және олардың нысаналы мақсатын анықтау кезіндегі алаяқтық әрекеттері үшін күдікке ілінген.