×
$
453.71
€
505.8
₽
5.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
453.71
€
505.8
₽
5.63

Ұлттық қордан жұмсалған триллиондар: мұнайдан түскен қаржы қайда кетіп жатыр

Бүгін, 11:20
Ұлттық қордан жұмсалған триллиондар: мұнайдан түскен қаржы қайда кетіп жатыр

2025 жылы Қазақстан Ұлттық қордан 5,78 трлн теңге жұмсады. Ел негізінен мұнайдан түсетін табыстың есебінен жинақтайтын қаражат бюджетке қолдау көрсетуге, жолдар мен мектептер салуға және басқа да жобаларға бағытталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қордағы қаржы қалай жұмсалды?

Energyprom сарапшыларының есебіне сәйкес, 2022 жылы Ұлттық қордан 4,6 трлн теңге, 2023 жылы 4,07 трлн теңге, ал 2024 жылы 5,95 трлн теңге алынған. Былтыр шығын көлемі аздап қысқарған.

Ең көп өскені – нысаналы трансферттер. Бұл – мемлекеттің белгілі бір қажеттіліктерге жұмсау үшін Ұлттық қордан алатын қаражаты. 2022 жылы мұндай мақсаттарға 550 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,25 трлн теңгеге жеткен, яғни шамамен алты есе өскен.

Оның 1,65 трлн теңгесі жергілікті бюджеттерді қолдау үшін өңірлерге аударылды. Тағы 1,58 трлн теңгеге жуығы инфрақұрылым салу мен жаңартуға бағытталды.

– Субвенциялар өңірлерге толық көлемде аударылды. Үкіметтің есебінде Ұлттық қордан осы мақсаттарға бөлінген 1,65 трлн теңге 2024 жылы экономикалық өсім қарқынының баяулауына байланысты республикалық бюджет кірісінің жоспарланған деңгейге жетпеуімен түсіндіріледі, – деп атап өтті сарапшылар.

Жолдар, мектептер және ғарыш айлағы

Нысаналы трансферт есебінен бөлінген қаражаттың ең көп бөлігі жолдар мен көлік инфрақұрылымына жұмсалды. Бұл мақсатқа 552,7 млрд теңге бағытталған.

Тағы 457,4 млрд теңге мектептерді, ауруханаларды, спорт және басқа да әлеуметтік нысандарды салу мен реконструкциялауға жұмсалды. Оның 340 млрд теңгеге жуығы «Жайлы мектеп» жобасына тиесілі.

Сумен жабдықтау және коммуналдық шаруашылыққа 126,5 млрд теңге, су қоймалары мен ирригациялық жүйелерге 106,2 млрд теңге бөлінді. Ал 60,9 млрд теңге «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешеніне жұмсалды.

Есепке сәйкес, жоспарланған шығындардың басым бөлігі толық игерілген. Алайда бір көрсеткіш жалпы көріністен ерекшеленеді. Қорғаныс, қоғамдық тәртіп және төтенше жағдайлардан қорғау нысандарын салу мен реконструкциялауға 34,2 млрд теңге жұмсалған. Бұл – жоспарланған қаражаттың небәрі 73,3 пайызы.

– 2025 жылы Ұлттық қор шығыстарының құрылымы мұнайдан түскен кірістің өңірлік бюджеттерді қолдауға ғана емес, басқа мақсаттарға да жұмсалғанын көрсетеді. Нысаналы трансферттің едәуір бөлігі даму жобаларына бағытталды. Бұл қаражаттың басым бөлігі өңірлер арқылы игерілді, – делінген шолуда.

Контекст

Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жолдауында ауқымды құрылыс бағдарламасының басталатынын жариялады. 2029 жылдың соңына дейін оған Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр.

Президент Ұлттық қор мұнайдан түсетін табысты болашақ ұрпақ үшін сақтап қана қоймай, елдің қазіргі мәселелерін шешуге де көмектесуі керек екенін атап өтті.

– Алайда Ұлттық қор қаражатын жинақтау мен оны қоғамға барынша пайда әкелетін бағыттарға ғана жұмсау арасында ақылға қонымды тепе-теңдік сақталуы қажет, – деді Тоқаев.

Президенттің тапсырмасы бойынша, алғашқы кезеңде өңірлерде 70 денсаулық сақтау нысаны және 50 білім беру, спорт және мәдениет нысаны салынуы керек. Қаражаттың бір бөлігі елді мекендерді газдандыруға және ауыз сумен қамтамасыз етуге де бағытталады.