×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

Балалардың жаппай улануы: мектептегі тамақтану сапасын кім қадағалайды

08.11.2023, 16:22
көрнекі фото: syrboyi.kz

Алматыда тамақтану сапасын бақылау үшін барлық мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында тамақтану сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссиялар құрылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қала әкімдігінің мәліметінше, олардың құрамына медицина қызметкерлері, мектеп әкімшілігі және ата-аналар қоғамының өкілдері (қамқоршылық кеңес) кірді. Бұл топтар тамақтанудың нормалар мен стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету үшін орта білім беру ұйымдарына барып, талдау жүргізеді.

“Тамақтану сапасын қамтамасыз етудің тағы бір маңызды аспектісі-қаланың барлық мектептері үшін орталықтан бекітілген тамақ мәзірі. Бұл мәзір тамақтану нормаларын, Қазақ тамақтану академиясының ұсынымдарын, маусымдылық пен балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленеді. Мектеп мәзірі туралы ақпарат ашықтық пен қолжетімділік үшін білім басқармасының және білім беру ұйымдарының интернет-ресурстарында жарияланады”, – делінген хабарламада.

Әкімдік тегін тамақтану құны да бақыланатынын атап өтті.

“2023 жылға жалпы білім беру қорының бюджет қаражаты есебінен 1-4 сынып оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге 18,6 млрд. теңге және ХӘОТ санатынан 5-11 сыныптардың оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге 1,8 млрд. теңге (9 мың оқу үшін) көзделген. Тегін тамақтануға арналған жалпы бюджет 20,4 млрд. теңгені құрайды”, – дейді Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.

Тамақтану  сапасына қатысты өтініштер мен шағымдар болған жағдайда ведомствоаралық  сараптама тобы (ВСТ)  мектептерде тамақтануды ұйымдастыруды жақсарту үшін қосымша тексерулер мен іс-шаралар жүргізеді. Бұл бақылауды қамтамасыз етеді және мекемелерді сапа стандарттарын сақтауға және оқушылардың дұрыс тамақтануын қамтамасыз етуге ынталандырады дейді шенеуніктер.

Айта кетейік, бүгін Жамбыл облысы Байзақ ауданында балалар мен ересектер мектеп асханасындағы тамақтан уланды. Ауданның орталық аудандық ауруханасына мектеп асханасында түскі ас ішкен 48 адам келіп түскен. Оның 35-і ауруханаға жатқызылды. Екеуі ересек, қалғаны — балалар. Балалардың көбі –  7-10 жас аралығындағы оқушылар.

Сондай-ақ, жуырда Алматы облысы Қарасай ауданындағы ауыл мектептерінің бірінде бастауыш сынып оқушыларына  жарамдылық мерзімі 2 жыл бұрын өтіп кеткен йогурт берілгені анықталды. Әлеуметтік желідегі ақпаратқа сүйенсек, балаларға тегін ыстық тамақтан бөлек, 2021 жылы жарамдылық мерзімі өтіп кеткен "Растишка" йогурты берілген.

Мектеп басшылығы өнім жеткізушіні өзгерту және келісімшартты бұзу туралы шешім қабылданғанын, іс сотқа жіберілетінін хабарлады. Жеткізушінің өзі көтерме базардан өнім алған кезде жарамдылығы өтіп кеткен өнімдерді байқамай қалғанын айтып ақталды. Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, осы дерекке қатысты ҚР ҚК 306-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сондай-ақ, жуырда Павлодардағы мектептің асханасында балаларға берілген ботқадан құрт шыққаны жайлы ақпарат тарады. Тағам ішіндегі жәндіктің фотосы таратқан желі қолданушылары оқушылардың денсаулығына немқұрайлы қарағандарды қатаң жазалауды талап етті. Алайда М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры сөгіспен құтылғаны белгілі болды.

Осындай оқиғалардан кейін Оқу-ағарт министрі Ғани Бейсембаев ата-аналарды мектептегі тамақ сапасын бақылайтын комиссия құрамына қосылуға шақырған болатын.

Серіктес жаңалықтары