×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Ереуілге шығудан басқа амалымыз қалмайды»: ОzenMunaiProm ұжымы Қошановқа хат жазды

14.11.2023, 16:47
Коллаж: ulysmedia.kz.

Редакциямызға Маңғыстау облысындағы ОzenMunaiProm компаниясы ұжымының Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановқа жазған хаты келіп түсті. Өз хатында Жаңаөзен энергетиктері биыл жаздан бастап күшіне енген электр энергиясын бірыңғай сатып алудың жаңа моделіне наразы екенін білдіреді. Ұжым қызметкерлері электр энергетикасы саласындағы заңнамалық өзгерістер шағын және орта кәсіпорындардың жұмысын тежеп тұрғанын алға тартады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Біз «ОzenMunaiProm» ЖШС ұжымы, келесі жағдайды баяндап, оны шешу жолын ұсынуыңызды және атсалысуыңызды сұраймыз, – деп басталады хат.

Қошановқа жүгінген ұжым серіктестік Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес, 2020 жылы «Қазақ Газ Өндеу Зауыты» ЖШС үшін газ поршенді электр станциясын салу бойынша (ГПЭС) инвестициялық жобасын іске асырғанын атап өтеді. Жобаға құйылған инвестициялар көлемі 8 млрд теңгені (оның ішінде 5 млрд теңге меншікті қаражат, 3 млрд теңге қарыз қаражаты) құраған. ГПЭС іске қосу жөніндегі жобаға қарыз мезониндік қарыз шарты шеңберінде (2027 жылға дейінгі қаржыландыру мерзімімен 27.12.2019 жылы N2019-34) «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясы құрамындағы AOM SDF I BV қорынан берілген.

Серіктестік 2021 жылдан бері электр энергиясын өндіру бойынша қызметті жүзеге асыру себепті қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін былай қосқанын атап өтеді:

  • Жаңаөзен қаласының қала құраушы кәсіпорындарының бірі - ҚазГӨЗ зауытын тиімді электр энергиямен қамтамасыз ету арқылы 2021-2023 жылдар аралығында 850 млн теңге үнем жасады;
  • Жергілікті халықты орташа жалақысы 300 мың теңгені құрайтын 60-тан астам тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуде;
  • 2021-2022 жылдар аралығында өңір бюджетіне 630 млн теңгеден астам салық төлеген.

Алайда ұжым 2023 жылы 1 шілдеден бастап күшіне енген электр энергиясын бірыңғай сатып алуды және электр энергиясының теңгерімдеуші нарығын нақты уақыт режимінде ұйымдастырудың жаңа моделіне байланысты серіктестік, сондай-ақ елдің басқа да шағын және орта электр станциялары өзінің негізгі қызметін жүзеге асыруда айтарлықтай қиындықтарға тап болып отырғанын («2023 жылы 19 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы») атап өтеді.

– 2023 жылдың шілдесінен қазан айына дейін серіктестік орта және шағын электрондық сауда-саттығына қатысу тетіктерінің электр станцияларының жетілмеуіне байланысты айтарлықтай шығынға ұшырауда. Мәселен, жаңа ережелер күшіне енгенге дейін тиісті министрлікпен бекітілген шекті тариф және электр энергиясының сатылатын бағасы кВт-сағатына 16,92 теңгені құраған. Алайда жаңа ережелер күшіне енгеннен кейін шілде айынан қазан айы аралығында өндірілген электр энергияның сатылым құны төмендеп, бірақ ол көлемді өндіруге кететін шығындар сақталып, серіктестік кемінде 143 млн тг табыстан үзілді-кесілді айырылды. Кемінде 135 млн тг сатылған электр энергияның қаржысын осы күнге дейін ала алмауда. Бұл көрсеткіштің өзі нақты емес, себебі, Энергетика министрлігінің жаңа механизмді толықтай жетілдірмегенінің және шикілігінің салдарынан шілде айының өзінің нақты есептері белгіленбей отыр, одан кейінгі айларды айтпағанда, – делінген хатта.

Хат жазған ұжым бүгінгі жағдай бойынша серіктестіктің штаттық қызметкерлеріне жалақы төлеу бойынша міндеттемелері және негізгі қызметті жүзеге асыру шеңберінде контрагенттер алдындағы міндеттемелері өсіп бара жатқанын хабарлайды (нақты көрсеткіштерді мекеме басшылары тарапынан ұсынылады). Сондай-ақ, станцияның техникалық жағдайын қамтамасыз ету үшін алынатын қосалқы және негізгі бөлшектерді сатып алатын қаражаттың болмауы себебінен станцияның техникалық тозуына апарып соққанын жеткізеді. Энергетика саласындағы уәкілетті орган тарапынан серіктестіктің электр энергетикасы саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес ҚазГӨЗ зауытымен өнеркәсіптік кешен ретінде электр энергиясы нарығына қатысу нұсқасы ұсынылған.

– ҚазГӨЗ зауыты басшығынына арадағы тиімділіктерді ескере отырып, ортақ мәмілеге келіп жұмыс жасау ұсынылған. Тіпті, 7 қазанда Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінде серіктестік пен «КазГӨЗ» ЖШС арасында өзара электр энергиясын сатып алу мен өндірістік кешен статусына қол жеткізу мәселесі бойынша өткен жиналыста Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршинмен хаттама жасап тапсырмалар берілсе де, ҚазГӨЗ зауыты басшылығы тарапынан керісінше қарсылықтар болып жатыр. Осындай жағдайларды ескере отырып, серіктестік электр станциясының жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Бұл аймақтағы онсыз да шиеленісті жағдайды ушықтыруы мүмкін, – делінген хатта.

Ұжымдық хатта электр энергиясының бірыңғай электрондық сауда-саттығын және электр энергиясының теңгерімдеуші нарығының жаңа ережелерінің жетілмеуіне байланысты серіктестік шеккен шығындарды кім өтейді және кім жауап береді деп сұрақ қояды. Осы уақытқа дейін серіктестік құзыретті ұйымдарға жолдаған ресми өтініштерге қарамастан нақты шешімді жауабын алмаған. Серіктестіктің пікірінше, электр энергетикасы саласындағы заңнамалық өзгерістер, соңғы жаңалықтар шағын және орта кәсіпорындардың мүдделерін дамыту мен ұйымдастырудың электр энергиясы нарығының қалыпты бәсекеге қабілетті жұмысын қамтамасыз етуде тікелей тежеуші және зиянды фактор болып отыр.

– Жаңа заң электр энергиясын тұтынушылардың мүдделерін қорғайды, алайда энергия өндіруші ұйымдарды (ЭОҰ) қиын жағдайға душар етуде. Заңдар әділеттілік жағдайында қалыптасып, электр энергиясы нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың бәсекеге қабілетті және тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін нарықтың барлық қатысушыларының мүдделерін қорғауы керек, әйтпесе жаңа заң салада онсыз да орын алған дағдарысты ушықтырады.

Ерлан Жақанұлы, біз, Қазақстан Республикасының толыққанды азаматтары, Жаңаөзен қаласының тұрғындары, өзіміздің қажырлы еңбегімізбен салып, енді жемісін көреміз деп отырған мекемеміздің жойылу қаупінде тұрғанын өз көзімізбен көруіміз, бізге (халыққа) жасалған қасақана қылмыс (қиянат) деп бағалаймыз, сол себепті, тек болашағынан зор үміт күттірген мекеменің осындай ауыр жағдайға душар болуына алып келген құзіретті органдар және душар болғаннан кейінгі құтқаруға атсалыспаған тұлғалардың жауапқа тартылуын қатаң талап етеміз! Біздің кәсіпорынның жұмыс жағдайына қатысты мемлекет тарапынан қолдау болмаса, бізді, яғни серіктестік ұжымын тұрақты мемлекеттік немесе квазимемлекеттік «ӨзенМұнайГаз» немесе «ГазГӨЗ» зауыты секілді мекемелерге жұмысқа алуды талап етеміз. Өтінішіміз орындалмаған жағдайда ереуілге шығудан басқа амалымыз қалмайды, – делінген хатта.

Еске сала кетейік, OzenMunaiProm компаниясының ұжымы бұған дейін дәл осы мәселе бойынша президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған еді.

 

 

Серіктес жаңалықтары