×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

«Өзгерген ештеңе жоқ»: Смайылов әкімдерге шүйлікті

05.12.2023, 09:41
Фото: Ашық дереккөзден

Үкіметте бүгін көлікпен жүк тасымалдау саласы мәселесі қаралды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазіргі таңда Қазақстан арқылы 8 халықаралық автомобиль дәлізі өтеді. Олардың жалпы ұзындығы шамамен 13 мың шақырымды құрайды. Негізгі күре жолдардың қатарында Батыс Еуропа – Батыс Қытай, Солтүстік – Оңтүстік, ТРАСЕКА бар. Үкімет аталған бағыттар бойынша жүк тасымалын ұлғайту және жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін бұл саладағы кедергілерді барынша қысқартуды көздеп отыр.

«Олардың қатарына шекарадағы кептелістер мен құжаттардың ұзақ рәсімделуін, инфрақұрылым сапасын, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығын және көптеген басқа да жайттарды жатқызуға болады. Көлік иелерінен келіп түсетін шағымдар көбіне осы мәселелерге қатысты. Сонымен қатар, жүктер мен құжаттардың тым ұзақ тексерілуі де наразылық туғызады. Цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы бұл мәселелерді осы уақытқа дейін бір жүйеге келтіруге болатын еді. Оның үстіне, жүктерді бөліп-таратудың аса маңызды инфрақұрылымдық буыны болып табылатын бонд қоймаларын дамыту қажет», - дейді Әлихан Смайылов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Премьер-министрдің айтуынша, мұндай әлемдік тәжірибе біздегі өткізу пункттердің жүктемесін азайтып, тасымал көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Смайылов халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат беретін бланкілерді бөлуде де проблемалар барын атап өтеді. 

«Мұндай рұқсаттарды біз көптеген мемлекеттермен паритет негізінде алып отырмыз.  Отандық жүк тасымалдаушыларға бланк беру механизмін қайта қарап, оларға артық талап қоймау қажет. Жол бойындағы сервис бойынша да сұрақтар бар. Мәселен, Батыс Еуропа – Батыс Қытай транзиттік дәлізінің іске қосылғанына 5 жылдан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеміз. Бұл туралы бірнеше рет айтылды, тиісті тапсырмалар берілді, бірақ өзгерген ештеңе жоқ. Халықаралық жолдар мен ішкі маршруттардың бәрінде де осындай жағдай. Сервис объектілері үшін жол бойынан жер учаскесін беруді әкімдіктер созып жіберді. Осыған байланысты, инфрақұрылымның дамуы тоқтап тұр. Оның үстіне, біз Ұлттық стандартты баяғыда қабылдап қойдық. Онда жол бойындағы сервис объектілері мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптар белгіленген. Бұл қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік берер еді», - дейді ол.

Алайда сервис объектілерінің көбі біздің стандартқа сәйкес келмейді. Осыған байланысты үкімет басшысы қаржы министрлігі шекара қызметімен, ауыл шаруашылығы, көлік министрліктерімен бірге жыл соңына дейін өткізу пункттерінің өткізу қабілетін ұлғайтудың нақты шараларын әзірлеуді тапсырды. Цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, өткізу пункттерін толық цифрландырып, барлық ақпараттық жүйелерді интеграциялау қажеттігін айтты. Көлік министрлігі сауда, қаржы, ауыл шаруашылығы министрліктерімен және әкімдіктермен бірлесіп, көлік-логистика орталықтары мен бонд қоймаларын дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеуі керектігін мәлімдеді. Жергілікті атқарушы органдар сервис объектілерін салу үшін бизнес субъектілеріне жер учаскелерін беруге қатысты рәсімдерді соза бермей, 2 ай мерзімде жүргізулері тиіс деп ескертті.

Серіктес жаңалықтары