×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Мәселені кешенді түрде шешу керек – министр Шәріпханов АМТ-дағы апаттардың бір себебін атады

08.12.2023, 10:30
Коллаж: ulysmedia.kz.

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановтың айтуынша, өндірістік қауіпсіздік комитеті инспекциясын күшейту керек. Ол үшін министр инспекторлардың айлығы мен мәртебесін көтеруді ұсынады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– АрселорМиттал Теміртау шахталарында екі апат болды. Біріншісі өрт, екіншісі, жарылыс. Бұл бағытта біздің өндірістік қауіпсіздік комитеті инспекциясының деңгейінің төмен екеніне көзіміз жетіп отыр. Ол проблеманы біз талай көтердік. 1990 жылдары инспекторлар саны 1600 адам болса, қазір 380 адам. Бұл бір. Екіншіден, олардың деңгейі өте төмен. Статусы төмен. Инспекцияға келетін адамдар саны 380 болса, вакансиялары 40-қа жуық. Айлықтары төмен. Бұл үлкен мәселе. Оны кешенді түрде шешу керек. Трансформация ретінде қарастырған абзал. Қазір бізге үкімет тапсырма беріп отыр. Біз қазір өзіміздің тұжырымдаманы әзірлейміз. Соған осы мәселенің бәрі енгізіледі, – деді Сырым Шәріпханов сенатта.

Оның айтуынша, ең біріншіден, өндірісті жаңартып, бәрін экономикадан бастау керек. Екіншіден, өндірістік қауіпсіздіктің деңгейін, айлықтарын көтеру керек.

– Сонда біз осы мәселені шешуге үлкен ықпал жасай аламыз, – дейді ол.

Еске салайық, 28 қазанға қараған түні «АрселорМиттал Теміртау» кенішінде жарылыс болды. Жарылыс кезінде шахтада 252 адам болған, 206 кенші жер бетіне шықты, 46 кенші қаза болды.

Шахтада көз жұмған жұмысшылардың толық тізімі жарияланды.

Қазақстан президенті Тоқаев «АрселорМиттал Теміртаумен» ынтымақтастықты тоқтатуды бұйырды. Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Сондай-ақ, үкіметтің «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала келісімге келгені және кәсіпорынды Қазақстанның пайдасына меншік құқығына беру жөніндегі мәміленің аяқталып жатқаны хабарланды.

Қарағанды ​​облысына барып, марқұм кеншілердің туыстарымен кездескен Тоқаев 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Сонымен қатар президент «АрселорМиттал Теміртау» біздің тарихымыздағы ең нашар компания екенін атап өтті.

Қайғылы оқиғадан соң Қазақстанда "АрселорМиттал Теміртау" АҚ инвесторы Лакшми Миттал мен басқарушы Палаватху Кришнанды "қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қасақана әрекетсіздігі" үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды.

Белгілі экономист, 2022 жылы президенттікке үміткер болған Мейрам Қажыкен билік Костенко шахтасындағы апатқа бар кінәні "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының акционері Лакшми Митталға жауып отырғанын, ал шын мәнінде кеншілердің өліміне 90% үкіметтің өзі кінәлі екенін мәлімдеді. Алайда премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметті ақтап, жауапкершілікті кәсіпорын басшылығына ысырды.

Үкімет компанияны мемлекет меншігіне беру процесі 30 қарашаға дейін аяқталатынын мәлімдеген. Бүгін үкімет инвестордың есімін атайды.

Серіктес жаңалықтары