×
441.66
475.14
4.86
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
441.66
475.14
4.86

"Чемпиондыққа жетелеген арман": рух пен жігер жайлы жаңа кітап

18.12.2023, 14:20
armankitap Instagram парақшасынан

Бекзат Саттарханов, Елдос Сметов, Ольга Рыпакова, Мақсұт Жұмаев сияқты даңқты 17 спортшының балалық шағы мен спорттағы жолын баяндайтын «Чемпиондыққа жетелеген арман» атты кітап жарыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кітап авторы – Унзила Мыңбай. Қоғамға пайдасы бар кітап жазуды ол ғұмыр бойы армандаған екен. Оның айтуынша, күтпеген жерден спорт жұлдыздары туралы 200 беттен асатын кітап жазып шыққан, оған 6 айдан астам уақытын сарп етіпті.

Бұрыннан өте әсерлі әрі құнды туынды жазғым келетін. Бүгін менің арманым орындалды. Кітап біздің чемпиондарымызға арналады. Олар мақсатына берік болғандықтан сол жолда табандылық танытты, сондықтан жетістікке жетті. Туындыда чемпиондар әр қазақстандыққа «дәл қазір бәрі қиын болуы мүмкін, ертең қиындық болар бірақ Қазақстанның туын көтерер күн келетінін жеткізеді. Бәрі сіз жайлы білетін болады. Сіздің жетістігіңіз ол жайдан жай келген жоқ, бұл қажырлы еңбекітің арқасы.. Кітапта әр адам осындай ой түйеді.

«Көпшілік әр спортшының бәсекесін 4 жылда бір рет өтетін Олимпиадада ғана тамашалайды. Алайда отандастарымыздың Олимпиадада өнер көрсету үшін төккен тері, қиыншылығы кадрдан тыс қалады. Міне осындай ерекшеліктерді қауымға таныстыруды көздедік»,  – дейді кітап авторы.

Спорт саласының маманы, жоба жетекшісі Жанар Өтешеваның сөзінше, идея негізі – спорт саласында көп жыл жұмыс істеген команданың жеңісі.

«Туындыны шығаруға шығармашылық топта 3 адам жұмыс істедік. Біз өзіміз де спорттан келдік. Бірнеше жыл чемпиондармен бірге жұмыс істедік, әлем чемпионаттарын ұйымдас­тырдық, Олимпиада ойындарында команданың жанынан табылдық. Сондықтан әрбір жеңіс пен жеңілістің артында қандай ауыр жұмыстың тұрғанын жақсы білеміз. Содан бұл дүние­ні көпшілікке жеткізсек деген үлкен арман пайда болды. Бұл кітап чемпиондар, жеңімпаздар туралы, жеңіс туралы емес. Бүгін кішкентай арманымыз орындалды деуге болады. Бұл кітап – арманнан бас тартпауға, арманның адастырмайтынына, оның міндетті түрде орындалатынын дәлелдейтін кітап», –  деді ол.

Кітаптың тұсаукесер сәтінде Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Саттарханова кітап жас спортшыларды жігерлендіретінін айтып, игі іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

“Бекзат Серік Қонақбаев ағасын үлгі тұтты. Он бес жасында “Серік ағам күміс алса, мен алтын аламын” деп алдына үлкен мақсат қойды. Олимпиада чемпионы деген атаққа қол жеткізу үшін бес жыл уақыт кетті. Бұл жылдары талмай еңбек етті. Қазіргі балалардың көбі 9-10 жасында үлкен спортқа деген алғашқы қадамдарын жасай бастайды. Бұл ретте, жаңадан шыққан кітап жастарға рух пен жігер береді деп есептеймін” – деді Сырлыкүл Саттарханова.

Танымал альпинист Мақсұт Жұмаев адамның қалыптасуына рух беретін кітаптардың пайдасы орасан екенін айтты. Кітапта М.Жұмаевтың да спорттық жолы баяндалған.

“Бұл кітапта спортшылардың үлкен жеңіске деген әр қадамы жазылған. Маған да орын табылғанына қуаныштымын. Балалар менің өмірбаянымды оқып, аядай ауылдың қарапайым баласы халықаралық жарыстардың чемпионы бола алатынына көз жеткізеді деген сенімдемін. Кітапта үйренер дүние көп”, – деді Қазақстан мен Қырғызстанның барлық тауларын, Эверест шыңын бағындырған әйгілі альпинист.

Автордың айтуынша, егер кітап қоғам тарапынан сұранысқа ие болса, өзге де спортшылардың өмірбаянын жарыққа шығару ойда бар.

Серіктес жаңалықтары