«Ресейге Орталық Азия мемлекеттерін қосу керек» деп сөйлеген жазушы Захар Прилепиннің сөзінен кейін Өзбекстан мен Ресей арасында дау туындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
20 желтоқсанда Захар Прилепин (шын аты Евгений) «командирлер кеңесі» деп атап алған ұйым мүшелерін жинап, баспасөз мәслихатын өткізген. Жиында Орталық Азиядан келетін мигранттардың мәселесі жөнінде де сөз қозғалған.
– Гастербайтерлер бізге келетін аумақтарды қосып алу оңай әрі тура сол жерде оларға орыс тілін үйрету керек. Мұнда емес, сол Өзбекстанда оқытуға болады мысалы. Мен қалжыңдап отырған жоқпын, – деген Прилепин.
Ресейлік жазушының бұл сөзіне Өзбекстан тарапынан жауап берілді. Түбі қазақ, өзбек саясаткері, елдің экология министрінің кеңесшісі Расул Көшербаев Telegram-арнасында былай жазған.
– Прилепин мырза мен Өзбекстанды жаулап алғысы келеттін басқа да басқыншыларға ең алдымен өз тілдерінде «пошёл на х...» дегім келеді, – деген Көшербаев.
Прилепиннің мәлімдемесінен кейін Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Ресей елшісін шақырып, оған ойланбастан айтылған мәлімдемелер Өзбекстан мен Ресейдің тарихи достық келісіміне кесірін тигізуі мүмкін екені жеткізілген.
– Өз кезегінде Мальгинов Ресей Өзбекстанның егемендігі және аймақтық бүтіндігіне ешқашан күмән туғызбағанын айтты, – деп жазылған өзбек СІМ-нің ресми мәлімдемесінде.