×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Үкімет Парламентті бақылауына алғалы жатыр»: Депутаттар дабыл қақты

16.01.2024, 14:43
«Үкімет Парламентті бақылауына алғалы жатыр»: Депутаттар дабыл қақты
Коллаж: ulysmedia.kz.

Парламент мәжілісінде ақпаратқа қол жеткізу және қоғамдық қатысу мәселелері бойынша заң жобасы таныстырылды. Заң нормалары мәжіліс депутаттарының өткір сынына ұшырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Құжатты мәжілісте мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров пен әділет вице-министрі Алма Мұқанова қорғаған. Заң жобасын мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген. Депуат Абзал Құспан аталған заң жобасы комитет отырыстарында үлкен сынға ұшырағанын айтады. 

– Бұл әдеттегі бір заңдарға қарама-қайшы келсе бір жөн. Бұл жерде Конституция нормасы бұзылып отыр. Атап айтқанда, Конституциядағы 60 баптың 1-тармағында заң шығару бастамасы президентке, үкіметке және парламент депутаттарына тиесілі екені анық көрсетілген. Ал мына заң жобасындағы нормаларды қарап отырсақ, депутаттардың заң шығару бастамасын шектеу көзделген. Президенттің «күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» деген бастамасына да қайшы. Оған сәйкес, үкімет парламентке есеп беру керек болса, мұнда парламент депутаттары заң шығарушылық бастамада үкіметке бағындырып қоймақшы, - деп атап өтті Абзал Құспан.

Бұл сөзге Абзал Құспанның әріптесі Асхат Аймағамбетов те үн қосты. Оның айтуынша, құжаттағы «депутаттар бастамашыл ұсыныстарды тым көбейіп кетті» деген сөздің өзі түсініксіз. 

– Бұл не деген сөз? Мұны қалай жаздыңыздар? – деп сұрады Данияр Қадыровтан депутат.

Қадыров бұл норманы қабылдар алдында «осы ақпаратқа қолжетімділік жөніндеі саланың бәрін қаралғанын» айтады.  

– Сонда негізі депутаттардың заңнама бастамаларын жасар алдында БАҚ өкілдерімен, үкіметтік емес ұйымдармен, белсенділермен талқылау мүмкіндігін беру ретінде ұсынған едік. Осыны ғана көздедік, - деді ол

Ал Алма Мұқанова ең бастысы, Конституцияның 60-бабына сәйкес, елде міндетті түрде үкімет қорытындысына жіберілетін заң жобалары бюджетке қатысты шығындар немесе ұлғайтулар мәселелері болған жағдайда ғана жолданатыны ескертілгенін атап өтеді. 

– Бірақ жылдар бойы реттеушілік саясат бойынша міндеттемелер депутаттар қатарынан да, қоғам өкілдері тарапынан да жиі көтерілуде. Осы заң жобасы аясында ең басты мақсат - рәсімдерді қарастыру. Қазіргі таңда кәсіпкерлік кодекске сәйкес, бізде егер кәсіп субъектілеріне қатысты жаңа талаптар енгізілсе, реттеу қатайса, міндеттемелер енгізілсе, онда тиісті осы институт қолданылады. Осындай сұрақтардың туындауын алдын алу мақсатында үкімет қатарынан осындай ұсыныстар енгізіліп жатыр. Депутаттар оны өздері шешеді. Депутаттарға бұл міндеттеме ілу емес, түзетулер түсіп жатса, үкімет қорытындысы аясында уәкілетті орган осы рәсімді міндетті түрде өткізіп, ұсынып отырған талаптар қалай әсер ететінін зерделеп, қорытындыда соны көрсету жоспарланған, - дейді ол.

Десе де, бұл жауап депутаттарды қанағаттандырған жоқ. Магеррам Магеррамов осы заң жобасы «парламентті үкімет алдында жауапты етеді» деп мәлімдеді. 

– Сіздер қазір депутаттарды емес, халықтың талап-тілегін бақылауға алғыларыңыз келеді, - деді ол.

Ал Ринат Зайытов Әлихан Смайыловтың «парламент өзіне көп алады» деген сөзін есіне алады. Мұрат Әбенов бұл заң жобасының жекелеген нормасын емес, тұтас алып тастау керек кесіп айтты.

– Қазіргі 8-ші шақырылымның белсенділігіне қарай өткенде премьер-министр де «парламент өзіне көп алады» деді. Ашық нормативті құқықтық актілер порталында депутаттар ұсынысын жария талқылау дейді де, «үкімет қорытындысын ескере отырып» деген сөзді қосып қояды. Үкімет қорытындысын ескерсек, қалғанының не қажеті бар? - дейді Ринат Зайытов