Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облысында қызылша бойынша жағдай әлі де күрделі. Бұл туралы мәжілісте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Министр не дейді
Ажар Ғиният елімізде қызылша ауруының 11% төмендегенін хабарлады. Атап айтқанда, 10 өңірде үш аптада жұқтырғандар азайған. Жеті өңірде жағдай тұрақталған.
– Үш өңірде қазір қолайсыз жағдай, өсім байқалады. Бұл Ақтөбе, Атырау және Қарағанды облыстары. Дәл осы өңірлерде қосымша вакцинация жеткіліксіз, халықты қамту республикалық көрсеткіштен төмен, - дейді министр.
9 қаңтарда Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова Қазақстандағы қызылшаға қатысты жағдай тұрақсыз екенін айтқан еді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша инфекцияның 29 648 жағдайы тіркелген.
Қазақстанда қызылша қалай өршіді
2023 жылдың желтоқсанында ЮНИСЕФ Қазақстанды қызылшаның таралуы бойынша әлемде бірінші орынға қойды.
Елде қауіпті инфекциядан екі бала қайтыс болған.