×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Майқайыңдағы апат: Құтқарушылардың туыстары іздеу жұмыстарын жалғастыруды талап етуде

07.02.2024, 08:36
Майқайыңдағы апат: Құтқарушылардың туыстары іздеу жұмыстарын жалғастыруды талап етуде
Павлодар ТЖД

Майқайыңда шұңқырға құлаған автобуспен бірге табылмай жатқан құтқарушы Айдос Шаймерденнің әйелі әлеуметтік желі арқылы тағы да үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Нұрсұлу Шаймерденнің айтуынша, іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген бір ай ішінде "Майқайыңалтын" кәсіпорнының білікті мамандары тартылмаған. Тек, жекеменшік құтқару қызметтеріне жүгінген.

"Бәлкім алғашқы күні денесі табылған екі құтқарушы секілді мына екеуінің де денесі шұңқырдың бір бұрышында топырақ астында жатқан шығар. Біз солай екеніне сенімдіміз. Темір-терсек автобусты іздеп қайтеді. Одан да адамдарды іздесін. Әлбетте, іздестіру кезінде басқа құтқарушыларға төнген қауіптің бар екенін түсінеміз. Алайда, осылай орта жолдан қалдыру адамгершілікке жатпайды ғой. Жұмыстарды тоқтатуға болмайды. Барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жалғастыру қажет деп есептеймін", - деп күйінеді құтқаршының әйелі.

Айдос Шаймерденнің жары өзінің және туыс-туғандарының атынан жедел штабқа бірнеше талап қойып отыр.

"Біріншіден, екі адамды іздестіру жұмыстарын тоқтатпасын. Екіншіден, автобус құлаған тұстан жоғалғандардың денесі жатуы мүмкін жерлерді тексерсін. Үшінші, кинологиялық қызметті қайтадан тартсын. Төртіншіден, еліміздің басқа аймақтарынан немесе Ресей елінен тәжірибелі мамандарды алдыртсын", - дейді.

Естеріңізге салсақ, «GRP-RIDDER-GROUP» ЖШС жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша «Майқайыңалтын» аумағында құтқару жұмыстары тоқтатылған болатын.

Оқиғаның мән-жайы

Еске сала кетсек, биыл 4 қаңтарда «Майқайыңалтын» компаниясы кенішінің шұңқырына автобус құлаған болатын. Автобуста жүргізуші мен үш құтқарушы болған. Сол күні төтенше жағдайлар министрлігі құтқару бөлімшелері қаза тапқан екі адамның денесін тауып, алып шыққан. Екі адам әлі табылмай жатыр.

4-22 қаңтар аралығында құлаған жерге айналма жол жасалды. Жарылыс жұмыстары жүргізілді. Өткелді кеңейту және тереңдету кезінде екі жүз мың тоннаға жуық топырақ пен тау жыныстары әкелінді. 18 қаңтарында экскаватордың көмегімен автобус корпусының бір бөлігі, жеке заттар, жоғалған адамдардың құтқару жабдықтары табылып, жер бетіне шығарылған.

Ал Бас прокуратураның ақпаратына қарағанда, полиция департаментінің тергеу басқармасы қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.