×
442.05
474.14
4.74
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
442.05
474.14
4.74

Алматыда Өзбекстанның өтініші бойынша қарақалпақ белсендісі ұсталды

16.02.2024, 08:01
Қарақалпақ белсендісі Қошқарбай Төремұратов (тақия киген) пен Ақылбек Мұратов

ІІМ қызметкерлері Өзбекстан билігінің өтініші бойынша қарақалпақ белсендісі Ақылбек Мұратовты ұстады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

15 ақпанда сағат 21:50-де ішкі істер министрлігінің екі қызметкері Ақылбек Мұратовты үйінен алып кеткен. Кейінірек ол бірге жүрген бойжеткеніне қоңырау шалып, ұсталғанын хабарлаған. Мұратов Алматы ІІД-де. Айтуынша, оны ұстауға қарақалпақстандық Мұхамедин Оразбайұлы Баймұрзаев қатысқан. Белсендіге қылмыстық кодекстің 244-бабы 1-тармағы (қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпке қатер төндіретін материалдарды дайындау, сақтау, тарату немесе көрсету) айып тағылған.

– Бұл Қошқарбайдың жағдайына ұқсас (Төремұратов – қарақалпақ белсендісі), – дейді ол.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 13 қыркүйегінде Алматыда Өзбекстан ІІМ қызметкерлері қарақалпақ белсенділері Қошқарбай Төремұратов пен Жангелді Жақсымбетовті ұстаған еді. Олар бір жыл бойы қамауда болды.

Мұратов Өзбекстан азаматы, Қазақстанда 2010 жылдан бері тұрады. Ол Қазақстандағы қарақалпақ диаспорасының көшбасшысы. Мұратов Қазақстанда жүріп, Өзбекстандағы қарақалпақтарға белсенді көмек көрсеткен.

2023 жылдың қазан айында өзбек дипломаттары Мұратовпен кездесу өткізіп, белсендіге өз мәлімдемелерінің үнін "жұмсартуды" ұсынған.

Қазақстанда қарақалпақ белсенділерінің қамауға алынуы

Өзбекстан билігінің өтініші бойынша Қарақалпақстаннан келген бес белсенді Қазақстанда 12 ай бойы экстрадициялық қамауда болды. Қазақстан билігі саяси баспана беру туралы өтініштерін қабылдамады.

2024 жылдың 9 қаңтарында Маңғыстау облысындағы қарақалпақ диаспорасының басшысы Ниетбай Оразбаев Алматы ауруханасында қайтыс болды. 2023 жылдың мамырында ол Өзбекстанда сырттай 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Оразбаев "билікті басып алу жөніндегі қастандыққа", "жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға", сондай-ақ "қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қауіп төндіретін материалдар жасау" баптары бойынша Өзбекстанда кінәлі деп танылған. 2023 жылдың желтоқсанында Оразбаевтың Қазақстан азаматтығынан айырылғаны белгілі болды.

Қарақалпақстандағы наразылықтар

2022 жылдың шілде айының басында Нүкіс, Мойнақ және басқа қалаларда Қарақалпақстанның егемендік мәртебесін жоятын конституциялық түзетулерге қарсы наразылықтар болған еді.

Бірақ билік демонстрацияларды билікті басып алу әрекеті ретінде қарастырып, акцияларға қатысушыларға көзден жас ағызатын газ, резеңке оқтар мен түтін бомбаларын қолданған.

Ресми мәліметтерге сәйкес, наразылық білдірушілерді тарату кезінде 21 адам қаза тауып, 243 адам жарақат алған.

Серіктес жаңалықтары