×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«ҚазМұнайГаз» ереуілдеткен West Oil Software қызметкерлерін жұмысқа шығуға шақырады

22.02.2024, 16:13
«ҚазМұнайГаз» ереуілдеткен West Oil Software қызметкерлерін жұмысқа шығуға шақырады
Фото: Ашық дереккөзден

«ҚазМұнайГаз» ереуілдеткен жұмысшыларға үндеу жасады, 

– ҚазМұнайГаз компанияның кен орындарында қызмет көрсететін мердігер ұйымдарда еңбек ететін жұмысшылардың тұрақтылығы мен еңбек жағдайына ерекше назар аударады, – деп басталады компанияның үндеуі. 

ҚМГ біріншіден, бүгінгі таңда еншілес кәсіпорындар тапсырыс беруші ретінде мердігер ұйымдарды ұзақ мерзімді жұмыс көлемімен қамтамасыз ететінін, екіншіден, жұмысшылардың жалақысы мен әлеуметтік аударымдарының уақтылы және толық көлемде төленуін бақылайтынын хабарлайды. Үшіншіден, ҚМГ «West Oil Software» ЖШС техникасын жаңартуға қаражат бөлетінін жеткізеді. Бүгінгі таңда отандық өндірушімен 69 техника бірлігіне келісімшарт жасалған. Барлығы кем дегенде 202 жаңа техника бірлігін сатып алу жоспарда. Төртіншіден, Жетібай кен орнында жаңа өндірістік база салу жоспарлануда. Құрылыс жұмыстары 2024 жылдың соңында басталады.

«Ұзаққа созылған ереуіл West Oil Software мекемесіне ғана шығын келтіріп қоймай, сонымен қатар Жетібай кен орнында мұнай өнімін жоғалтуға байланысты «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға қомақты көлемде залал келтіруде. Қазіргі уақытта оның сомасы 1 млрд 320 млн теңгені құрады. Бұл өндіріске және тапсырыс берушілердің қаржылық жағдайына зиянын тигізіп отыр», — деп атап өтті ҚМГ мұнай сервисі департаментінің директоры Жасұлан Балуанов.

ҚМГ West Oil Software жұмысшыларын еншілес кәсіпорындардың штатына жұмысқа орналастырмайтынын, осы мақсатта жаңа еншілес кәсіпорын ашпайтынын жеткізеді. West Oil Software жұмысшыларын мәселені диалог арқылы шешуге, заңсыз ереуілді тоқтатып, жұмысқа шығуға шақырады.

Маңғыстаудағы мұнайшылар ереуілі

Жетібайдағы ереуілге шыққан West Oil Software жұмысшылары бұған дейін "ҚазМұнайГаз" мәлімдемесіне жауап берген болатын.

– Олар жала жабады. Желіде жалған ақпарат таратады. Біз тексеру жүргізуді және тиісті шаралар қабылдауды талап етеміз, - дейді жұмысшылар.

ҚМГ Маңғыстау облысындағы Жетібай кен орнында 11 желтоқсаннан бастап ереуіл жалғасып жатқан WestOilSoftware қызметкерлерімен еңбек қатынастарын тоқтату туралы мәселе қаралып жатқанын хабарлаған болатын.

West Oil Software жұмысшылары 2023 жылдың 11 желтоқсанында ереуілге шыққан. Олар өзі қызмет ететін компанияны "ҚазМұнайГазға" қосуды, сондай-ақ оларға бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесін таратуды және материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап еткен.

Кейін энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ереуіл жайлы ойын айтып, қажет болған жағдайда облысқа баруға дайын екенін айтқан, бірақ әзірге мәселе тапсырыс беруші мен мердігер арасындағы қарым-қатынас шеңберінде болатынын мәлім еткен.

ҚМГ төрағасы Мағзұм Мырзағалиев компания ереуілге шыққан жұмысшыларды штатқа қабылдай алмайтынын айтты. WestOilSoftware техникасын жаңартуға деп уәде берді.