×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Қайрат Сатыбалды мемлекетке қанша ақша қайтарды

06.03.2024, 13:57
Қайрат Сатыбалды мемлекетке қанша ақша қайтарды
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қайрат Сатыбалдыға қатысты істерді тергеу аясында 700 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалды мемлекетке қанша ақша қайтарғаны туралы сұраққа жауап берді.

– Бүгінгі таңда 2022 жылдан бері жалпы 1 триллионнан астам теңге қайтарылды. Оның 732 млрд теңгесі Қайрат Сатыбалдыға қатысты істі тергеу аясында қайтарылды, - деді антикордың ресми өкілі Арман Тілеукен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Сатыбалдының «мемлекетке қайтарған» қонақ үйі жайлы тың дерек шыққан еді. Астанада өткен баспасөз мәслихаты барысында жеке компания басшысының өкілі Асқар Өтешов Алматыдағы қонақүй рейдерлік жолмен қалай тартып алынғанын айтып берген.

Сатыбалды не үшін сотталды?

Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Сатыбалды 2022 жылдың наурыз айында «Қазақтелеком» АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын.

Әу баста тұңғыш президенттің жиенін тұтқындау кезінде оның басқа қылмыстарға да қатысы болуы мүмкін екені айтылған-ды. Антикор сотқа дейінгі тергеуді былтыр тамыз айында аяқтады. Ведомство өкілдері «тергеу барысында мемлекетке жалпы сомасы 240 миллиард теңгеден асатын немесе 500 миллион АҚШ долларынан асатын заңсыз сатып алынған активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды», деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Сатыбалды «салықтар мен кедендік төлемдерден жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша» қосымша тергеліп жатқаны хабарланды.

Ал 2022 жылдың қыркүйегінде Астанадағы Байқоңыр ауданының соты үкімді жариялады. Қайрат Сатыбалды қылмыстық істің тағы төрт фигуранты – ОКҚ директорлар кеңесінің төрағасы Марат Мұхамеджанұлымен, ОКҚ президенті Гайни Бекетовпен, «Қазақтелеком»АҚ корпоративтік бизнес директоры Леонид Муравьевпен және спортшы Шыңғыс Қонарбаевпен бірге екі компанияға – «Қазақтелеком» АҚ және «Көлік қызмет көрсету орталығы» АҚ-ға ұрлық жасады және мүліктік зиян келтірді деген айыппен кінәлі деп танылды.

Сот сотталушыларға «Көлік қызмет көрсету орталығы» компаниясынан 28 миллиард теңгеден астам қаражат ұрлады және «Қазақтелеком» компаниясына 12 миллиард теңгеден астам мөлшерінде материалдық залал келтірді деген айыпты дәлелдеді.

Сатыбалды алты жылға бас бостандығынан айырылды, мүлкі тәркіленді. Президентке оның мемлекеттік наградалары мен ҰҚК генерал-майоры атағынан айыру туралы ұсынылды. Сондай-ақ 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға тыйым салынды. Бұл істің қалған қатысушылары шартты мерзімге сотталды. Бекетов пен Мұхамеджанұлы 6 жыл, Муравьев пен Қонарбаев 2,5 жыл «арқалады».