Бас прокуратура ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаевты және полиция органдарының басқа да басшыларын қылмыстық қудалау туралы ақпаратты жариялады, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
Бас прокуратура не дейді?
Құзырлы орган жүргізіліп жатқан тергеп-тексерулер шеңберінде ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаевтан жауап алынғанын хабарлайды.
– Сондай-ақ, Бас прокуратура Алматы облысы Қарасай ауданы Қошмамбет ауылында орналасқан арнайы қабылдау жағдайында ұсталған азаматтарға азаптауды қолдану туралы іс бойынша дәлелдемелер жинады. 2024 жылдың 16 наурызында осы қылмысты жасағаны үшін Қарасай ауданының арнайы қабылдау орыны және полиция басқармасының бұрынғы басшылары қамауға алынды. Бұдан басқа, қызметтік атыс қаруын ұрлау фактілері бойынша Талдықорған қаласы полиция басқармасының бұрынғы басшылығына қатысты тергеп-тексеру жалғасуда, – делінген құзырлы органның хабарламасында.
Тұрғымбаев жайлы
Еске сала кетейік, Бас прокуратура бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалды ма деген сұраққа жауап беріп, ақпарат бермеген.
Тұрғымбаевтың үстінен іс қозғалғаны жөнінде ақпаратты Орда.кз басылымы таратқан болатын. Сайттың хабарлауынша, экс-министр 2022 жылғы қаңтар оқиғаларына байланысты қылмыстық іс бойынша күдікті.
- Іс қылмыстық кодекстің 361-бабы 1-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша іс қозғалды. Қаңтар оқиғаларына байланысты тергеудің екінші толқыны басталды. Тергеу орбитасында ІІМ-нің бұрынғы министрінен басқа Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы Асқар Нұрсапа, Қарасай ауданының бұрынғы полиция бастығы Болат Тотыбаев және басқалар бар. Тергеу басталғаннан кейін Тотыбаев Қазақстаннан қашып кеткен, – деп жазады басылым.
Тұрғымбаев 2019 жылғы ақпанда билік транзиті қарсаңында Ішкі істер министрі болып тағайындалды. 2022 жылғы ақпанда қанды қаңтардан кейін отставкаға кетті. Алайда генерал-лейтенант позициясын сақтап қалды, кейін бірден президенттің кеңесшісі болды.