Ақтөбе облысының Қобда, Мұғалжар, Темір ауданында және Ақтөбе қаласында төтенше жағдай жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің хабарлауынша, Ақтөбе су қоймасында су көлемі бір тәулік ішінде 150 млн текше метрге толған.
– Судың жалпы көлемі су қоймасының максималды сыйымдылық белгісіне жақындады, бұл бүкіл қалаға қауіп төндіреді. Жағымсыз салдардың алдын алу үшін біз суды ағызуға мәжбүрміз. Бүгін Елек өзенінің маңында және кірпіш көпірі ауданындағы Қарғалы өзенінің жанында орналасқан бау-бақша ұжымдарының тұрғындарынан эвакуациялауға және үйлерінен кетуге келісім берулеріңізді сұраймын, - деді ол.
26 наурызда күрт жылынуға байланысты Ақтөбе аумағында еріген қар суы таси бастады. Бірнеше тұрғын үй массивтері мен бау-бақша ұжымдарын су басу қаупі туындады.
– Бүгін де 73 үйге су кірген. 155 адам эвакуацияланды. Барлық зардап шеккендерге көмек көрсетіледі, – деді әкім.
28 наурыз күні таңертең Ақтөбедегі Сазды өзені арнасынан асқан еді.
Бұған дейін Ақтөбе және Қостанай облысының бірнеше ауданында төтенше жағдай режимі жарияланған болатын.
Бас прокуратура таяуда Қазақстандағы су тасқынының салдары туралы мәлімдеме жасады. Ең күрделі жағдай Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында байқалатынын хабарлаған.