×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

Шығыс Қазақстандағы жеті елдімекенде су тасқыны қаупі бар

05.04.2024, 19:20
Шығыс Қазақстандағы жеті елдімекенде су тасқыны қаупі бар
Үкімет

Олжас Бектенов Шығыс Қазақстандағы су тасқыны жағдайын тексеріп, төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы премьер-министрдің телеграм-арнасына сілтеме жасап.

“Жағдай тұрақты”

Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқынының салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов су басу қаупіне байланысты ТЖ алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқан Шығыс Қазақстан облысына барған.

Үкімет басшысы облыстың Глубокое және Алтай аудандарының таулы аймақтарын тікұшақпен аралап, өзен алқаптарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелердегі жағдаймен танысты, сондай-ақ өңір әкімінің су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы баяндамасын тыңдады.

– Шығыс Қазақстан облысы аумағының басым бөлігінде жағдай тұрақты. Сондай-ақ қыстың соңында қар қалың жауған Марқакөл, Катонқарағай, Глубокое, Үлкен Нарын және Алтай аудандары – тәуекел аймағында. Өзендердегі су деңгейі әзірге қауіпті межеге жеткен жоқ – мұздың еруі енді басталды, ал таулы аймақтардағы су қоймаларында мұз қабатының жұқаруы байқалады. Алайда болжам бойынша, облыста дауылды ескерту жарияланған, +19°C дейін күннің күрт жылынуы күтілуде – сәуір айының ортасына қарай аймақта су тасқыны қаупі жоғарылайды, – деп хабарлайды үкіметтен.

Су қоры нормадан екі есе артық

Олжас Бектеновке су тасқынының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды. 

– Қазір еліміздің өңірлерінде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында қалыптасқан жағдай бізден үздісіз бақылауды талап етеді. Облыс аумағының 70%-ын қалың қар басып жатыр, ал қар жамылғысындағы су қоры нормадан 2 есе артық. Бұл қауіптің әлі сейілмегенін көрсетеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, су тасқыны кезеңінде жағдайдың даму сценарийлерін қалыптастыру қажет. Қазір қолдағы болжамдарды ескере отырып, су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуіміз керек. Үкімет тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізуге барлық қажетті көмек көрсетілетін болады, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өңірде жоғары дайындық режимі, ТЖ жою жөніндегі облыстық жедел штаб жұмыс істейді. 

Жағдай ушығып кетсе, 1 118 адамнан тұратын күштік құрылымдар, 315 бірлік техника жасақталып, 6 мың тоннадан астам инертті материалдар, 468 тонна ЖЖМ, 43 мың бірлік қапшық дайындалды.

Премьер-министр Өскемен және Бұқтырма ГЭС-ін де қарап шыққан. Барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бөгеттерде су деңгейі алдын-ала төмендетіледі.  Өңірде Қазақстандағы ең ірі Бұқтырма су қоймасы орналасқан. Қазіргі уақытта ол тағы 20 текше км көлемінде өзен суын қабылдауға мүмкіндік береді. Болжалды мәліметтер бойынша, алдағы 3 айда 15 текше км-ге дейін су келеді деп күтілуде.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Үкімет басшысы Олжас Бектенов өңірдегі жағдайдың ушығуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырған.

Қазақстандағы су тасқыны

Биылғы тасқын Қазақстанның бірнеше өңірінде болып, жылдағыдан қарағанда күрделі жағдай туғызды. Әуелі Көкшетаудағы Қылшақты өзені арнасынан асып, 16 жеке үй, 29 жеке аула аумағы және 12 көпқабатты тұрғын үй ауласы, сондай-ақ "Еркөстік"балабақшасының 1-қабатына су жайылған.

25 наурызда Көкшетау қаласындағы № 22 орта мектеп ғимаратын еріген су басып қалды.

Ақтөбедегі Сазды өзені арнасынан асты.

Бас прокуратура Қазақстандағы су тасқынының салдары туралы мәлімдеме жасады. Ең күрделі жағдай Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Абай және Ұлытау облыстарында байқалатынын хабарлады.