Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында Салтанат Нүкенованың көмекшісі болған Анар Тасова жауап берді. Ол Нүкенова астролог болған кезде көмекшісі қызметін атқарған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Қазбалап сұрамайтын едім»
Анар Тасова бір рет Бишімбаевтың үйінен Салтанатты алып кеткенін айтады. Сол кезде Салтанаттың еңсесі түсіп тұрғанын көрген.
«Бетінен соққы ізін байқамадым. Мүмкін, ол боянып алғаннан кейін де шығар. Бірақ мойнының сол жақ бөлігінде жіптен із болды. Тіпті екеуміз бірге түскен фотосурет те бар. Сол суретте де көрініп тұр. 5 шілдеде Салтанат екеуміз селфи жасағанбыз. Салтанат бір қырын беріп түсті. Мен дәретханаға бірнеше рет барып, жылап алдым. Ол соны көріп отырды. Мен оны көрмес үшін маған көрсетпей бір қырымен отыратын. Білегі ашық көйлегінен көгергенін көрдім. Едәуір үлкен, көгерген іздер. Қорқынышты болды», - дейді ол.
Анар Тасова Салтанат Нүкенова өзіне ылғи күйеуімен ұрсысатынын, Бишімбаев оны әбден қадағалап, соғатынын айтатынын есіне алады.
«Қазбалап сұрамайтын едім. Өйткені оған онсыз да ол жайлы айту ауыр болған», - дейді ол.
Жәбірленуші тараптың адвокатының бірі Салтанаттың денесі көгергенін көріп, ағасына неге айтуды неге ұсынып көрмедіңіз деп сұрады.
«Мен Салтанатқа «қазір әуежайға барайық, сол жаққа барайық, билет қарайық» дедім. Павлодарға билет іздегенде таппадық. Мен Салтанатқа «Айтбекке мен айтайын» деп ұсындым. Ағасының нөмірі бар еді. Бірақ Салтанат ешкімге айтпа деді», - дейді Анар Тасова.
Сотталушы Қуандық Бишімбаевтың өзі Анар Тасоваға бірнеше сұрақ қойды. Салтанаттың мойнында “жіптен із болғанын қайдан білдіңіз, оның өзі сізге айтты ма?” деп сұрады. Анар Салтанаттың өйтіп өзіне айтпағанын, бірақ Салтанат өз-өзіне ондай жарақат сала алмайтынын жеткізді.
Анар Тасова сұрақ-жауап барысында Салтанат Нүкенова тұрмысқа шықпас бұрын өзіне айына шамамен 250-300 мың теңге төлегенін айтты.
Бишімбаевтың соты
Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды. Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.
Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.
12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.
4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді.
Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді. 9 сәуірдегі отырыста сотта Бишімбаевтың ұсталған сәтінен видео көрсетілді. Видео оқиға орнына барған полиция қызметкерінің видеожетонына түсірілген.
Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.