×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Салтанаттың көзі ағып, басы жарылған суреті іс материалдарына тіркелді

10.04.2024, 18:02
Салтанаттың көзі ағып, басы жарылған суреті іс материалдарына тіркелді
Коллаж: ulysmedia.kz.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова соттан Салтанаттың денесін мәйітханаға тапсыру кезінде түсірілген суретін қылмыстық іс материалдарына қосуды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

– Жәбірленушіден жауап алу барысында қорғаушы тараптан бірнеше рет бастың жарылып, көздің ағып кеткеніне қатысты сұрақ қойылды. Осыған байланысты Салтанаттың денесін мәйітханаға тапсырған кезінде түсірілген фотосуреттерді іс материалдарына қосуды өтінеміз. Бұл жерде ағасының неліктен осындай дене жарақаттары туралы айтқаны анық көрінеді, - деді Оразбақова сотта.

Судья Айжан Көлбаева бұл фотосуреттерді іс материалдарына қосу жөнінде қаулы шығарды.

Бишімбаевтың адвокаттары өз кезегінде қазылар алқасының назарын бұл фотосуреттер мәйіт ашылғаннан кейін түсірілгеніне аударды.

Сондай-ақ, іс материалдарына Салтанаттың жалақысы туралы анықтамалар және оның Лондондағы тіл мектебінде оқығаны туралы дипломы қоса тіркелді.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді. 

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді. 9 сәуірдегі отырыста сотта Бишімбаевтың ұсталған сәтінен видео көрсетілді. Видео оқиға орнына барған полиция қызметкерінің видеожетонына түсірілген.

10 сәуірде өткен сотта судья Айжан Көлбаева БАҚ пен әлеуметтік желіге 9 сәуірде алқа билердің суреті тарап кеткенін мәлімдеді. Ол бұлай болмайтыны БАҚ өкілдеріне ескертілгенін, сол үшін тиісті тексеру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Тексеру жұмысының қорытындысы шыққанша сот залына журналистерді кіргізбеу жөнінде шешім қабылдады.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.