×
494.87
520.65
4.91
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
494.87
520.65
4.91

«Ана ретінде мені түсінуді сұраймын»: сотта Бишімбаевтың анасы сөйледі

16.04.2024, 12:20
«Ана ретінде мені түсінуді сұраймын»: сотта Бишімбаевтың анасы сөйледі
Жоғарғы соттың баспасөз қызметі

Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша бүгін сан жағынан он бірінші сот отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Прокурордың өтініші

Қуандық Бишімбаев тарапы өз бастамаларымен Мәскеуде жеке сот медициналық сараптама жасатқан. Прокурор Айжан Аймағанова оны істен мүлде алып тастау жөнінде судья Айжан Құлбаеваға өтініш жолдады. Аймағанованың сөзінше, Бишімбаев тарапынан басқа жеке сараптама жасалып жатқанынан құзырлы органдар хабарсыз болған. Ал ол сараптама қорытындысы өтірік болып шыққан жағдайда Ресей азаматтарын ешқандай жауапкершілікке тарту мүмкін емес.

Бишімбаевтың адвокаттары Мәскеудегі Килдешев және Туманов атты маманмен қатар, Қазақстандағы Тілемісов атты маманға тағы бір сараптама жасатқан.

Еш негізі жоқ сараптама

Прокурордың бұл өтініші жәбірленуші тарапы да қолдады. Адвокат Жанна Оразбақова Тілемісовпен келісімшартты Бишімбаевтың тарапы 2024 жылдың 24 наурызында келісім жасасқанын, бұл келісім мерзім жағынан заңға сәйкес келмейтінін айтады. Ал Игорь Вранчев ресейлік мамандардың қорытындысы Қазақстаннда шығарылған қорытындыны жоққа шығарғанымен, онысын еш дәлелмен негіздей алмайтынын көрсетеді.

– Яғни, біз олардың қорытындысын шынайы қорытынды деп қабылдай алмаймыз. Ал Қазақстанның маманы жасаған сараптаманың ішіне қайшылық бар, – дейді Вранчев.

Қорғаушы адвокаттар не дейді?

Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары сот медициналық сараптаманы жасаған мамандар Ресейдің білікті мамандары екенін, ол жақтағы мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтінін айтты. Халықаралық конвенцияға сүйене сөйледі.

– Бізде құқықтық көмек жайлы халықаралық конвенция бар. Оған сәйкес, келіскен азаматтар кедергісіз соттарға, прокуратураларына, сарапшыларына жүгіне алады. Гаага, Минск конвенцияларына сәйкес, мен өз құқығымды пайдаланып, заңгерлік көмек үшін осындай құжаттармен жұмыс істей алам, – дейді Назкен Құсайынова.

Құсайынова іске тіркелгенімен, сот барысында сараптама қорытындысы зерттелмегенін жеткізді. Бишімбаевтың қорғау тарапы аталған сараптама қорытындыларын жасаған мамандарды сотқа тартып, сұрақ қою керек деп есептейді.

Осы кезде Бишімбаев анасы Альмира Нұрлыбекова сараптама қорытындылары істен алынып тасталса, өз ұлының қорғанғысы келетін конституциялық құқығы шектеледі деп есептейтінін мәлімдеді.

– Сол себепті соттан, прокурордан, алқа билерден, жәбірленуші тараптан жүрегіммен ана ретінде айтып тұрмын – мені түсінуді сұраймын, – деді анасы.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді. 

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді. 9 сәуірдегі отырыста сотта Бишімбаевтың ұсталған сәтінен видео көрсетілді. Видео оқиға орнына барған полиция қызметкерінің видеожетонына түсірілген.

10 сәуірде өткен сотта судья Айжан Көлбаева БАҚ пен әлеуметтік желіге 9 сәуірде алқа билердің суреті тарап кеткенін мәлімдеді. Ол бұлай болмайтыны БАҚ өкілдеріне ескертілгенін, сол үшін тиісті тексеру жұмыстары жүргізілетінін хабарлады. Тексеру жұмысының қорытындысы шыққанша сот залына журналистерді кіргізбеу жөнінде шешім қабылдады.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.