Әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша бүгін жарыссөз аяқталды. Сотталушы Бақытжан Байжанов жарыссөзде алдын ала өзі жазып әкелген сөзді қағаздан оқып, бұрынғы сөздерін қайталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Байжановтың сөзі
– Мен күні бойы денені сыртқа алып шығаруға дайындалды деген сөз айтылды. Ендеше, мен бұл идеяны кешке, яғни ең қолайлы уақытта неге істемедім? Оз аз десеңіз, алда түні бойы уақыт бар еді ғой. Мейрамханада бөтен адамдар болған жоқ. Бұл мен жоспарламағандықтан ғана жасалмады. Мен оның өлгенін де білмедім.
Маған қылмыс ізін жасыруға көмектесті, көйлек пен аммиак бөтелкесін жоғалтты деп айып тағылды. Бәрі неге соларды алып шыққаныма сенімді? Бұл тек еш жерден табылмағанына негізделген болжамдар. Бірақ іс жүзінде олар табылмауы мүмкін, өйткені олар барлық жерден іздеген жоқ. Мейрамханадағы ас үй немесе басқа бөлмелер сияқты басқа орындар тіпті тексерілмеген. Мүмкін көйлек пен бөтелке әлі де сол жерде шығар.
Егер мен шынымен де дәлелдерді жоюға тырыссам, жазбалар сақталған серверді физикалық түрде жоя алар едім. Бірақ олай істемедім. Неліктен мен осындай маңызды әрі қауіпті видеоларды басқаларға жоюды тапсырдым? Мен бар шындықты айттым, ештеңені жасырмадым, тек шындықты айттым. Қажет болса және мүмкін болса, мен өтірік детекторынан өтуге дайынмын, – деді жарыссөзде Бақытжан Байжанов.
Бақытжан Байжановтың әйелі Айнұр Құлдеева кеше сотта алқа билер мен судьядан күйеуін қатаң жазаламауды, үйіне қайтаруды сұраған.
Еске сала кетейік, айыпталушы Қуандық Бишімбаев кешеден бері жарыссөзде сөз сөйлеген. Ол істеген ісіне шын жүректен өкінетінін әрі істеген ісі үшін ғана жазалануға дайын екенін айтты. Бүгінгі жарыссөзде алқа билерге жүгініп, олардан әділетті шешім шығаруды сұрады.
Бишімбаевтың ісі
Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды. Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.
Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.
12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.
4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді.
Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.
Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.