×
443.44
480.51
4.88
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
443.44
480.51
4.88

Жастарды неге мәжбүрлейсің – Қазнетте әскерге адам жинаған полицейлермен дау қызу талқыға түсті

05.05.2024, 10:35
Фото: Скриншот

Әлеуметтік желіде кешелі бері жас жігіттердің полиция қызметкерлерімен дауласқан видеосы тарап жүр. Астанада болған дауға тәртіп сақшыларының жастарды әскери комиссариатқа жеткізбек болған әрекеті себеп болған. Алайда жиналған жастар бұған келіскісі келмеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“Не үшін балаларды мәжбүрлеп жатырсың?”

Әлеуметтік желіге тараған видео қызу талқыланып жатыр. Полиция қызметкеріне шүйліккен үлкендеу жігіттің бірі комиссариатқа барудан үзілді-кесілді бас тартады.

– Егер балалардың өміріне жауап беретін болсаңдар мен де қосылып барам. Көршімнің баласы армияда көз жұмды. Не үшін балаларды мәжбүрлеп жатырсыңдар, – дейді жігіттердің бірі.

Өзара дау барысында жас жігіттер полиция қызметкерлерімен төбелесіп қала жаздайды. 

ІІМ не дейді

Ulysmedia.kz тілшісі осы оқиғаның мән-жайын ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметінен сұраған. Ведомство нақты факт бойынша ақпаратты толыққанды бермесе де, “біздің қызметкерлер тек бірге жүрген, анық-қанығын Қорғаныс министрлігінің бергені дұрыс болады” деп жауап берді.

Қорғаныс министрлігінің позициясы

Қазақстан қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Руслан Жангулинге де хабарластық. Ол да нақты факт бойынша ақпарат берген жоқ. Тек әскерге алудың тәртібін түсіндіретін жауап жіберді.

– Мәжбүрлеп әкету деген жоқ. Заңға сәйкес әр азамат шақырту бойынша жергілікті әскери басқару органдарына келуге міндетті. Ал егер ол бірнеше рет шақыртылып, келмеген жағдайда, тиісті түрде оның тізімі іздестіру үшін ішкі істер органдарына беріледі. Осыған сәйкес олар іздестіру жұмысын ұйымдастырады. Ер азаматты тапқан тапқаннан соң жергілікті әскери басқару органдарына (военкомат) алып келеді. Ол жерде оның денсаулығы тексеріледі. Әскери қызметке денсаулығы жарамды болған жағдайда әскер қатарына шақыртылады, – дейді ол.

Оның хабарлауынша, заңға сәйкес жыл сайын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ он сегіз бен жиырма жеті жас аралығындағы ер азаматтар шақырылады. Мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын әскерге шақырылушылар жергілікті әскери басқару органдарының шақыруы бойынша әскерге шақыру комиссиясынан өту үшін шақыру пунктіне келуге міндетті. Азаматтарды шақыруды ұйымдастыруға және қамтамасыз етуге өз құзыреті шегінде жергілікті атқарушы органдар жауапты.

– Жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақырылушылардың тізімін қалыптастыруға және ұсынуға жауапты. Заңға сәйкес, азаматқа шақыру қағазын жеке тапсыру мүмкін болмаған жағдайда оның келуін қамтамасыз ету қызметтен жалтарған азаматтарды іздестіруді және жеткізуді жүзеге асыратын ішкі істер органдарына жүктеледі, – делінген жауапта.

Осыған байланысты Ішкі істер органдары рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Қорғаныс минисрлігі қолданыстағы заңнамада әскери қызметтен жалтарғаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.

Серіктес жаңалықтары