Атырау облысында биыл шегіртке күрт көбеюі мүмкін. Себебі зиянкестердің ошағы былтырмен салыстырғанда үш есе көбейген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үш есе көбейген
Зиянкестердің азиялық және италиялық түрі 20 мамырдан бастап қаптай бастайды дейді мамандар.
Осыған байланысты өңірде 86 210 гектар жерге химиялық өңдеу жүргізіледі. Оның ішінде Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға, Индер аудандарындағы 60 мың гектарға жуық таулы-қырлы аймақтар италиялық прусқа қарсы дәрі шашылады. Ал сулы-қамысты 28 мың гектар аумаққа шегірткенің азиялық түріне қарсы химикаттар себілмекші. Өткен жылы бар-жоғы 28 мың гектар жер дәріленсе, биыл зиянкестер ошағы үш есеге көбейген.
“Жалпы химиялық өңдеу шегіртке көрінген кезде жасалмайды, толқынды шыққан кезін күтіп, екінші-үшінші жас сатысына жеткен кезде бастаймыз. Ол мамыр айының үшінші он күндігі деп есептеп отырмыз. Былтырға қарағанда үш есе көбейіп отыр,”- дейді ҚР АШМ АӨК МИК Атырау облысы аумақтық инспекция басшысы Абила Қазиева.
Атырау облысындағы шегірткемен күреске алматылық және оралдық компаниялар жұмылдырылмақ.