2022 жылы ҰҚК алаяқтық әрекеті үшін жауапқа тартпақ болған Алматы қаласы Медеу сотының экс-судьясы Светлана Жолманова кейін қызметінен босатылған еді. Оған қатысты шулы оқиға мұнымен аяқталмаған секілді, қазір С.Жолмановаға қатысты тағы бір дерек пайда болды.
Редакцияға бұрынғы судьяның жолдан тайып, адамшылықтың шекарасынан асып кеткен сәттерін айғақтайтын видео келіп түсті. Видеода алматылықтар экс-судья Жолманованы «Қаржылық пирамида» құрды деп айыптап отыр. Бұл жайында толығырақ Ulysmedia.kz материалында.
Фемида пирамидасы?
- Біз бұрынғы судья Светлана Жолманованың алаяқтық әрекетінің құрбаны болдық, - деп таныстырды өздерін видеода Медеу полиция бөлімінің алдында тұрған адамдар.
- Біз президентке, Алматы қалалық ІІД бастығына, бас прокурорға арызымызды айтамыз... Өткен жылы Светлана Жолманова бізді баспана алуға зор мүмкіндік бар деп, үлкен сомаға кредит алуға көндірген. Бірақ не уәдесін орындамады, не несиеміз төленген жоқ.
Үндеу авторларының айтуынша, осы фактілер бойынша олар Алматы қаласының құқық қорғау органдарына хабарласқан, қазір олардың арыздары бойынша қозғалған қылмыстық істерді Медеу аудандық полиция бөлімі тергеп жатыр.
- Мен Татьяна Құсайыновамын. Мен де Светлана Сәтбайқызы Жолмановаға алданып қалдым, ол маған пәтер әперемін деп уәде берді, – дейді әйелдердің бірі.
– Сол үшін несие алдық, бірақ қазір не пәтеріміз, не салған ақшамыз жоқ.
- Менің атым Рахымбаев Данияр», - деп таныстырды өзін тағы бір жігіт.
– Мен де бұрынғы судья Светлана Жолманованың әрекетінің құрбаны болдым. Ол әкімдікте тамыр-таныстары көп екенін айтып, Алматы қаласындағы тендерлерге қатысу үшін қомақты ақша сұрады. Мен оған қомақты ақша бердім, содан бері оны ұстай алмай жүрмін. Үнемі өтірік айтады. Қазір ойлап қарасам, ол алған ақшаны қайтаруды мүлдем ойламайтын секілді. Ол маған бір жылдан кейін не ақшаны екі еселеп қайтарам, не пәтер алуға көмектесем деген.
Үндеу авторлары Жолманова заңсыз қаражат жинау мақсатында қаржы пирамидасын құрған деген пікір білдірді. Қазіргі уақытта ол төлемдерден жалтарып жүр және ақшаны қайтаруды ойлап та отырған жоқ.
- Құрметті Президент, сізден бұрынғы судья Светлана Жолманованың әрекетін бақылауға алуыңызды сұраймыз, -дейді үндеу жасаған топ.
- Біз сондай-ақ Алматы қалалық ІІД бастығынан, Медеу ауданының прокурорынан және Бас прокуратурадан барынша көмек сұраймыз.
Біздің ойымызша, президенттің атына жазылған мұндай бейнежазбаны дәлел болмаса, түсіру мүмкін емес. Дегенмен, Светлана Жолмановаға қатысты мұндай оқиға бірінші рет болып тұрған жоқ. Сондықтан тергеу органдары істі сотқа дейін жеткізе алар ма екен?
Миллиондар табылды, бірақ кінәлі адам жоқ
Еске салайық, Қазақстандағы ең танымал судьялардың бірі Светлана Жолманованың танымалдығы 2021 жылы сәуір айында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы департаменті оған қатысты «Алаяқтық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған кезде басталған.
Сол кезде БАҚ сенсациялық істің жаңа мәліметтерімен бөлісу үшін бір-бірімен жарыса бастады. Бастапқыда ақпарат келесідей болды: судьяның пәтерін тінту кезінде қауіпсіздік қызметкерлері 2,8 миллион доллар, көлігінен 600 мың доллар және кеңсесінен 4,5 мың доллар табылды. Жолманованың құрылыс салушыдан пара бопсалағаны белгілі болды.
Содан кейін белгілі болғаны: Жолманова бірнеше сот шешімін өзгерту үшін Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Мейрамбек Таймерденовке пара бермек болған. Ол өз кезегінде кәсіпкер Виктор Мащенко мен оның айналасындағы бірнеше адамға көмектесуі керек-тұғын. Жолманованың алған парасы 1 млн.доллардан асады.
Тергеу барысында Жолманованың Қуаныш Уалтиев және Евгений Рязанов деген біреулермен бірнеше рет кездесіп, судьяға 1 125 000 доллар және 50 мың еуро бергені белгілі болды. Өз кезегінде, судья Атырау облысы және Алматы қаласы соттарында қаралған даулардың нәтижесіне ықпал ету міндеттемесін алған.
Алайда нәтиже күткеннен мүлде басқаша болып шыққанда, Мащенко мен оның адамдары Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жүгінген.
Айтпақшы, ҰҚК қызметкерлері жазып алған телефонмен болған әңгімелерде Жолманова шексіз әкімшілік ресурсы бар Жанар есімді құрбысын жиі атаған. Тергеушілер оның сол кезде Алматы қаласының әкімі болған Бауыржан Байбектің әйелі екенін анықтады.
Әйтеуір, не керек, іс тоқтап қалды: Жолманованың қомақты сома алғанын растайтын телефонды тыңдау жазбалары да көмектеспеді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті судьяның статусына қатысты мәселені шеше алмады, сондықтан Бас прокуратура материалдарды алып, оны сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке берді.
Антикор тергеуді әрі қарай аяқтап, істі сотқа жіберу үшін Жолманованы екі рет күдікті деп таныды, бірақ екі ретте де Бас прокуратура судьяның қылмысқа кінәлі екендігін дәлелдейтін дәлелдер жеткіліксіз деп есептеді.
Ақталмақ болған судья...
Жолманованың өзі де қол қусырып отырмады. Ол Facebook парақшасында президент Тоқаевқа жолдаған ашық хатын жариялап, онда сот пен Бас прокуратураның рұқсатынсыз жүргізілген тінтулердің заңсыздығы туралы айтқан. Және ол «қудалауды» басшыларының нұсқауларына бағынбауымен түсіндірді.
- Мен әрқашан судьялардың және сот жүйесінің тәуелсіз болуын айтып келдім және қылмыстық қудалаудың себебі: Медеу аудандық сотының төрағасы Әсет Боранбаев пен Алматы қалалық сотының төрағасы Асқар Смайыловтың заңсыз әрекеттеріне қарсылығым болғанына сенімдімін, - деп жазды Светлана Жолманова.
Бұдан кейін ол баспасөз мәслихатын өткізіп, ҰҚК баспасөз қызметі таратқан ақпаратты жоққа шығарды.
- Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде бұрын жарияланғандай мен пара алған жоқпын, маған қатысты пара алу бойынша қылмыстық іс қозғалған жоқ, - деді Жолманова.
- Менің кеңсемнен табылған 10 мың доллар менің жеке ақшам, ол қарт анамды маған жақын маңға көшіру үшін ипотекаға пәтер аламын, соған бастапқы жарна төлеймін деп жинаған ақшам. Мені тінту жүргізілген күні де, одан кейін де ұстаған жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерге жіберілген миллиондаған доллар туралы ақпараттың бәрі жала әрі шындыққа жанаспайды. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы хайп – мені қаралау үшін қысым көрсету әдістерінің бірі. Мен мұны жеке басымды қаралау деп санаймын.
Саған да, маған да жоқ
Жанжал тең аяқталды. 2022 жылдың 12 қыркүйегінде Бас прокурор Берік Асылов Светлана Жолмановаға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыны өзі шығарды.
Рас, осыдан кейін бірден Жоғарғы Сот Кеңесі Жолманованы судьялық қызметінен босату туралы шешім қабылдады.
- Жоғарғы Сот Кеңесіндегі Сот алқасы Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Жолмановаға қатысты тәртіптік істі қарады. Ол сот істері бойынша тараптардың өкілдерімен процессуалдық емес байланысқа түсуіне жол берген, сол арқылы судья әдебіне қайшы әрекет еткен. Сот алқасы судья Жолмановаға қызметінен босату түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады, делінген ресми хабарламада.
Біраз уақыттан кейін Жолманованың есімі ақшаға қатысты тағы бір істе қайта аталды. 68 жастағы алматылық Вера Бурсина марқұм қызы Олесяның Светлана Жолмановаға қарызға берген ақшасын сот арқылы қайтарып алмақ болды. Бұл шамамен 60 мың доллар! Өкінішке қарай, жауапкердің әріптесі, Медеу аудандық сотының судьясы Динара Куйкабаева құжаттардың, атап айтқанда талапкердің мұраны қабылдауы туралы анықтаманың жоқтығын сылтауратып, мұрагердің талап арызын қараусыз қалдырды.
Аталған оқиға немен және қалай аяқталғаны туралы айта алмаймыз. Алайда жақында алаяқтық бойынша видеоүндеу жасаған қазақстандықтардың әрекетіне қарап, бұл С.Жолманова дегеннің араны қайта ашылып кеткен екен деп ойлап қойдық. Қара қылды қақ жаратын судья болу мен қаралық жасайтын қара күшке айналудың арасы көзді ашып-жұмғанша екен-ау... Әлде бұл тек біздің елде ғана ма?
Байтас Құрманов