24 жылға сотталған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың экс-жары Назым Қаһарман әлеуметтік желіде балалары көпке танымал болып кеткендіктен фамилияларын өзгерткісі келетінін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не үшін
Оқырмандарының сұрақтарына жауап берген ол «әкелері адам өлтіріп, балаларын орға жықты» дейді.
Мен өзіңді жақсы көруді үйретемін. Әке, әрине, мәңгі әке болып қалады. Алайда ол әке деген адамды өлтіріп, өз өмірін құртып, балаларын орға жықты. Әкелерінің өз жолы бар. Балалар әкесі үшін жауап беруге тиіс емес. Себебі әкесін олар дүниеге әкеліп, тәрбиелеген жоқ. Сіз оны қолдауға және жақсы көруге міндетті емессіз. Керісінше біз ата-ана ретінде балаларымыздың алдында жауаптымыз, – деді ол.
Сондай-ақ Назым Қаһарман Бишімбай атаның жақсы адам болғанын айтты.
Әрине олар тегін өзгерткісі келеді. Себебі бұл фамилия көпке танылып кетті. Бишімбай атаның өзі жақсы адам еді, өкінішке қарай, Қуандық арғы бабасының есімін қорлады, – деп жазды Назым.
Бишімбаевтың ісі
Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды. Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.
Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.
12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.
4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан. Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді.
Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.
Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.