Адвокат Мейіржан Досқараев қорғауындағы белсенді Марат Жыланбаевтың түзету мекемесіндегі жай-күйі жайлы айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Адвокаты не дейді
«Бүгін 23 мамыр күні мен Степногорск қаласындағы №4 мекемеге келдім. Ол жерде менің қорғауымдағы Марат Жыланбаев отыр. Онымен бір сағаттай сөйлестік. Мен оны Жоғарғы соттың қаулысымен таныстырдым. Онда Марат Жыланбаевтың пайдасына мен берген кассациялық шағым бойынша дайындық жұмыстары судья Волкованың шешімімен 2024 жылдың 11 маусымына дейін созылады», - дейді Мейіржан Досқараев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Адвокат Досқараев Жыланбаевтың жағдайы жақсы екенін, денсаулығы қалпына келіп жатқанын айтады.
«Қазір ол жүгіреді, суретші болып жұмыс істейді. Бәріне сәлем айтып жатыр. Көңіл-күйі жақсы, бәріне сәттілік, жақсылық тілейді», - дейді ол.
Жыланбаевқа шыққан үкім
Еске сала кетейік, Астана қаласының қалалық соты тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының көшбасшысы Марат Жыланбаев апелляциялық шағымы бойынша шешім шығарған еді. Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты Марат Жыланбаевты былтыр қарашада жеті жылға соттаған еді. Белсендіге “тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты” және “терроризмді қаржыландырды” деген айыптар тағылған.
Былтыр қарашада тіркелмеген “Ел тірегі” партиясының жетекшісі, бұрынғы мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев 10 жылға сотталды.
Ал Думан Мұхаммедкәрім 2023 жылдың маусымынан бастап қамауда отыр. Оның ісі бойынша әлі сот шешімі шыққан жоқ.
Марат Жыланбаев бұған дейін де бірнеше рет аштық жариялаған. Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін оны босатып, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырған болатын.
Марат Жыланбаев – қазақстандық марафоншы, тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының төрағасы. Ол әлемдегі ең үлкен шөлдермен жүгірген жалғыз адам. Былтыр «Ар-Бедел» қоғамдық қоры белсендінің сөздерінен кейін Жыланбаевты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау бойынша сотқа берді. Жыланбаев талап арызды жеңіп алды.
Ол 1963 жылы 19 тамызда Қарағанды облысында дүниеге келген. Жер шарының ең ірі шөлдері – Азия, Африка, Австралия және Америкада жүгірген жалғыз адам. Оның әрбір жүгірісі кем дегенде 1200 км құрады. Халықаралық ультрамарафон жарыстарының жеңімпазы және жүлдегері. Гиннестің рекордтар кітабына енгізілген 7 әлемдік рекордтың иесі.