Орал қаласында жұмысшы зауыттағы станокқа қысылып қалған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не болды
Қайғылы оқиға 27 мамырға қараған түні болған.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі кірпіш зауытындағы станокта жұмысшының қысылып қалғаны туралы қоңырау 2:53-те түскенін мәлімдеді. Жедел жәрдем оны алып кеткенімен, 51 жастағы ер адам алған көптеген жарақаты салдарынан ауруханаға жеткенше қайтыс болған.
Арнайы комиссия құрылды
БҚО Еңбек инспекциясы басқармасы қызметкердің қайтыс болу мән-жайын анықтайтын арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
Нәтижелер тергеу аяқталғаннан кейін белгілі болады. Ол 10 жұмыс күніне созылады. Қажет болса, мерзім екі рет ұзартылуы мүмкін, - дейді БҚО Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Арман Түйгінбетов.
Полиция кейінірек ақпарат беруге уәде берді.