×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

«Батырлар түрмеде жатыр, өтірікті тоқтатыңдар»: Алматыдағы жиында желтоқсаншы наразылық білдірді

31.05.2024, 18:12
«Батырлар түрмеде жатыр, өтірікті тоқтатыңдар»: Алматыдағы жиында желтоқсаншы наразылық білдірді
Коллаж Ulysmedia

Желтоқсаншы Сағила Шәмшабаева Алматы облысында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған іс-шарада «бетке айтқанның бәрі түрмеде шіріп жатыр, Қазақстанда қашан демократия болады» деп наразылығын білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видеоны әлеуметтік желіге белсенді Абзал Достияр жариялады.

Жиын барысында тарих ғылымдарының докторы, академия Хангелді Әбжанов қуғын-сүргін жайлы сөйлеп, өткен ғасырда халық қалай қуғындалғаны жөнінде сөз сөйлеген. Сөз арасында профессор осындай жайттар қайталанбасын деп тілек білдірген. Осы кезде оның сөзін желтоқсаншы Сағила Шәмшабаева бөлді.

«Қайталанбасын дейді. Неге қайталанбайды? Біздің бетке айтқан журналистер, батырларымыздың бәрі – Думан Мұхамедкәрім, Айгерім Тілеужан, Марат Жыланбаев түрмеде шіріп жатыр. Өткен күнді айтамыз. Өлі риза болмай, тірі байымайды дейді. Дұрыс! Еске алу керек. Азаттық келді дейді. Қай жақтың азаттығы? Жылап-еңіреп жатыр, халық деген қайыршы. Осындай байлықтың үстінде отырып. Желтоқсан, Жаңаөзен, Қаңтар – қаншама адамды қырып тастады», - деді ол.

Желтоқсаншы президентке жағымпаздануды қоюға шақырды.

«Тоқтатыңдар өтірік сөйлегенді! Қазақ қайыршы. Түгел үйсіз-күйсіз. Неге мұнда келіп алып, жылтыр сөйлейсіңдер?» - деді Сағила Шәмшабаева.

Оның сөзін академик «бүгін басқа тақырып» деп бөлмек болғаны көрінеді. Желтоқсаншыны маңайындағы адамдар сабырға шақырады.

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл күн 1997 жылы арнайы жарлықпен бекітілген болатын.

Ашаршылық жылдары Қазақстанда миллиондаған адам қырылды. Қуғын-сүргін жылдары 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаланғандардың қатарында Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Тынышбаев, М. Дулатұлы, Т. Рысқұлов, М. Жұмабаев, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров, Б. Майлин, С. Асфендияров сынды қайраткерлер мен ұлт зиялылары бар. Саяси құрбандар лагерьлерге жіберіліп отырды. Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың әйелдері де Ақмола облысында орналасқан «АЛЖИР» лагерінде азапталды.

Желтоқсаншы айтқан Марат Жыланбаев пен Айгерім Тілеужан былтыр сотталып кеткен еді. Ал Думан Мұхамедкәрімнің соты әлі жалғасып жатыр. Таяуда өткен сотта Думан Мұхамедкәрімнің денсаулығы нашарлап кеткені белгілі болды.