Жайық өзенінің түбі тереңдетіліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ені – 20 метр, тереңдігі – 1,5 метр
Атырау облыстық жедел штаб мәліметінше, Жайық өзенінің Каспий теңізіне құяр 2,5 шақырымы ені 20 метрге, тереңдегі 1,5 метрге дейін қазылды.
Қазір түп тереңдету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жайық өзенінен бөлініп шығатын Зарослый, Приморский каналдары мен үшінші және алтыншы өзек тереңдетілген. Өзен суы кедергісіз теңізге ағып жатыр. Тереңдету жұмыстары әлі де жалғасады.
Әкімдік не дейді
Қазір теңіздің тамағында тасқын сумен келген томарлар жиналып қалған. Айта кететін бір жайт бар, теңізден соққан жел басылғаннан кейін теңіз суы қайтады да аралдар пайда болады. Келген томарлар сол аралдарда қалып қойды. Дегенмен қоқыс тазаланады,- деді облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бисен.
Қазақстандағы су тасқыны
Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.
Премьер-министр, штаб жетекшісі осы ретте Олжас Бектенов жауаптыларға бірқатар тапсырма берген.
Ulysmedia.kz редакциясының бас редакторы су тасыған Құлсарыға барып, арнайы репортаж түсірген болатын.