×
481.84
531.33
5.07
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
481.84
531.33
5.07

Грузия оппозициясы Батыс елдерін "шетел агенті" туралы заңды қабылдағандарға санкция салуға шақырды

02.06.2024, 14:17
Грузия оппозициясы Батыс елдерін "шетел агенті" туралы заңды қабылдағандарға санкция салуға шақырды
Азаттық

Грузия оппозициясы Еуропа елдерін "шетел агенті" туралы заңды қабылдағандарға санкция салуға шақырды, деп жазады Ulysmedia.kz порталы Азаттықтың Грузин қызметіне сілтеме жасап.

Олар Грузиядағы "адам құқығы мен демократиялық процестердің өрескел бұзылу жайттарына келгенде қатаң позиция ұстануға" үндеген. Мәлімдеме авторларының айтуынша, 1 маусымға қараған түні 60 шақты адам "Біртұтас ұлттық қозғалысының" орталық кеңсесіне шабуылдаған. Күштік құрылымдар оқиғаға кеш реакция білдірген. Бұл Грузиядағы азаматтық және саяси белсенділердің қауіпсіздігіне ірі қатер төніп тұрғандығынан хабар береді дейді олар.

Атышулы заң

Грузия парламенті 28 мамырдағы дауыс беру нәтижесіне сай, бұған дейін "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заңға ел президенті қойған ветоны еңсерді. Бұл заңды сынайтындар осы құжатты Ресейдегі "Шетел агенті туралы" заңның көшірмесі деп санайды.

Енді заң жобасы қайтадан президентке қол қоюға жіберіледі. Егер ол қол қоюдан бас тартса, парламент төрағасы бес күн ішінде заңға қол қойып, жариялай алады.

Жаңа заң биыл маусымның басында жариялануы мүмкін. Заңға сәйкес, билік тамызға дейін заң актілерін қабылдап, жариялауға тиіс, ал Грузия әділет министрлігі мен ұлттық қоғамдық тізім агенттігі "осы заңды орындау үшін алдын ала материалдық-техникалық және басқа да шараларды" өткізуі керек.

Алдын ала ақпарат бойынша, тамыздан бастап 2023 жылы қаржы көзінің 20 пайызынан көбін шетелден алған БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар бір ай мерзім ішінде "шетелдік күштің мүддесін жүзеге асырушы ұйымдар" ретінде әділет мекемесіне тіркелуге өтініш тапсыруы керек. Әйтпесе оларға айыппұл салынады. Әділет министрлігі мұндай ұйымдарды анықтау және заң талаптарын орындалуын тексеру үшін кез келген уақытта мониторинг жүргізе алады, ал уәкілетті шенеуніктің қажет ақпаратты, оның ішінде дербес деректерді алуға құқығы бар.

Грузия қоғамында дау туғызған жаңа заң парламентте дауысқа қойылған кезде оған қарсы адамдар ауқымды наразылық акциясын өткізді. Парламент алдына көп адам жиналып, депутаттарға қарата "құлдар" деп айқайлады деп жазды "Эхо Кавказа" сайты.