Еуропалық одақтың санкциялар жөніндегі халықаралық арнайы өкілі Дэвид О ' Салливан Қазақстанға атом электр станциясын Росатом салса, Еуроодақ біздің елге санкция сала ма деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Дэвид О ' Салливан Астанада өткен баспасөз мәслихатында бүгінгі таңда ресейлік "Росатом"мемлекеттік корпорациясына санкция салынбағанын хабарлады.
– Қазіргі уақытта Росатом санкцияларға ілінбеген. Бұл шешімді тек Қазақстанның халқы пен үкіметі жасай алады, – деді ол.
АЭС-ті қай мемлекет салады
Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ, жуық арада түсе де қоймайтыны анық. Әуелі АЭС құрылысы жайлы сөз болғанда жұртшылықтан қолдаудан гөрі қарсылық көп болған. Үлкен ауылындағы бір тыңдаудан кейін билік те референдум өткізбей, шешім қабылдау қиын екенін түсінсе керек. Тоқаев "референдум өтеді" дегелі алты ай өтіп кетті. Оның өтер күні әлі белгіленген жоқ.
Ulysmedia.kz тілшісі осы тақырыпта Қазақстан атом электр станциялары компаниясының басшысы Тимур Жантикинді сөзге тартып көрген еді.