Ақордада БАҚ өкілдерін құттықтау барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы сөз бостандығы жайлы пікірін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталыАқордаға сілтеме жасап.
Президенттің айтуынша, ұлт қарқынды дамуы үшін қазіргі өзекті проблемалар жөнінде шынайы көзқарас қалыптастырып, ашық пікір алмасу маңызды екенін атап өтеді.
- Бізге алдамшы жеңістер мен жетістіктерге әуестеніп кетудің қажеті жоқ. Өз-өзіңді алдауға, мадақтауға болмайды. Бұл – ыдырауға және құлдырауға әкеп соқтыратын төте жол, – дейді ол.
Президент сонымен қатар "сөз бостандығына арқа сүйеп, елімізде ештеңе өзгермейді-мыс, ахуал мүшкіл деп жағдайды үнемі ушықтыра беру қажет емес” деп атап өтті.
- Бұл шындыққа сай келмейді. Кемшіліктер бар, бірақ жағдай тым мүшкіл емес. Мұндай ақпарат адамдарға көмектеспейді, керісінше оларды күйзеліске ұшыратып, қоғамда апатия тудырады, – дейді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, оң өзгерістер – көбіне күнделікті қажырлы еңбекті талап ететін дамылсыз жұмыстың нәтижесі.
- Ол сырт көзге байқала бермейді. Біз бұл жұмысты жалғастырамыз. Өйткені бұл – мемлекеттік стратегияның маңызды бөлігі. Біз Әділетті Қазақстан құруға ұмтыламыз. Бұл – бос идеологиялық абстракция емес, шынайы жалпыұлттық таңдау. Біз зор сенім артып, күш-қуатымызды аянбай жұмсайтын асқақ мұрат түбі шындыққа айналады, – дейді президент.