×
478.58
520.84
5.44
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
478.58
520.84
5.44

ФСБ «Күнделік» арқылы қазақстандықтардың жеке деректерін бақылап отыр ма – министрдің жауабы

28.06.2024, 11:29
Коллаж: ulysmedia.kz.

Цифрлық даму министрі Жасұлан Мәдиев «Күнделік» жүйесінің ақпараттық қауіпсіздігі жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.  

– Өткенде депутат Ермұрат Бапи “Күнделік” жүйесі елдің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрғанын, Ресейдің арнайы қызметтері қазақстандықтардың жеке мәліметтеріне оңай қол жеткізетінін айтты. Бұл жөнінде не дейсіз? Расында да сондай қауіп бар ма? – 

Бұл сұраққа жауап берген министр ақпараттық қауіпсіздік жағынан стандарттар мен нормалар барын айтты.

– Заң бойынша өту керек (...) Қазір “Күнделік” өтті ме, жоқ па, – менде ондай мәлімет жоқ, – дейді ол.

“Неден өту керек?” деген сұраққа министр “ақпараттық қауіпсіздік тестілеуінен” деп жауап берді. Мәдиевтің сөзінше, тексерістің Мемлекеттік-техникалық қызмет компаниясы өткізеді.  

Бапи не деді

Еске сала кетейік, бұған дейін Ермұрат Бапи «Күнделік» жүйесі арқылы Ресейдің ФСБ қызметі барлық деректерімізді алақандағыдай көріп отыр деп мәлім еткен еді. Осылай деген ол премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Бас прокурор Берік Асыловқа. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбевқа, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жасұлан Мәдиевке сауал жолдаған.

– 2017 жылы құдіреті күшті Дариға Нұрсұлтанқызының бастамасымен жеке меншіктік тұлғада «Kundelik» ЖШС-і құрылып, бұл серіктестік ресейлік «Дневникпен» уағдадасқан. Өз кезегінде Дариға ханымның «тізеге салуы» нәтижесінде «Kundelik» серіктестігі 2018 жылғы 26 қаңтарда Қазақстанның Білім және ғылым министрлігімен шарт жасасты. Ескерте кетейін, бұл Мемлекеттік-жекешелік әріптeстік келісім-шарт (ГЧП) тек қана орыс тілінде жасалды, оның қазақ тіліндегі нұсқасын итпен іздеп таппаймыз. Цифрландыру дәуірінде бұл платформалық жүйе қазақстандық мектептерге қажет қой деп, бұл шарттың бүге-шігесіне үңілмеуге болар еді», - дейді ол.

Депутат «Күнделік» жүйесінің түп-тамыры ресейлік «Дневник ру» платформасының кіндігіне байланғанын атап өтеді. Яғни, Қазақстандағы 3 миллионға жуық оқушының, олардың ата-анасының барлық ақпараттық-цифрлық дерегі Ресейдегі тиісті органдардың қолында отыр деген сөз.

Аймағамбетовтың пікірі

Парламент палаталарының бірлескен отырысы аяқталғаннан кейін Ulysmedia.kz тілшісі осы мәселе жайлы не ойлайтынын депутат Асхат Аймағамбетовтен сұраған. Депутат нақты фактілерге қарауға шақырады.

– Сіз айтқан жүйенің ақпараты қай жерде сақталады? Ол ақпарат бізде Ұлттық ақпараттық технологиялар орталығының серверлерінде өте сезімтал ақпараттық жүйелерді сақтайтын орында сақталады. Сол серверде сіз бен біздің өте маңызды, жеке деректеріміз де сақталады. Егер сол жерден біреу ұрлап алса, бұл сол орталықтың кінәсі болуы мүмкін. Бірақ негізі жүйенің архитектурасы басқаша жасалған. Біздің барлық ақпарат Қазақстанның ең құпиялы, қажетті серверлерінде сақталады деген норманы енгізгенбіз. Сондықтан ол жерден басқа жерге жеке деректерді алып кетеді дегенді білмеймін, – дейді ол.

Асхат Аймағамбетов “Күнделіктің” ресейлік “Дневник.ру” жүйесіне байланысы жоқ дейді.

Серіктес жаңалықтары