×
474.26
514.48
5.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
474.26
514.48
5.43

Рауан Кенжеханұлы Young President ұйымының төрағасы болды

09.07.2024, 12:05
Фото: әлеуметтік желі

«Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы YPO Kazakhstan ұйымының төрағасы болды. Ұйым төрағалығы әр жылдың шілдесінде ауысып отырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

 

YPO (Young President Organization) - құрылғанына биыл 75 жыл толатын, кәсіпкірлерді біріктіретін дүние жүзіндегі ең ірі ұйымы. Қазір бұл ұйымға 150 елден 34 мың кәсіп иелері мен ірі компаниялардың бірінші басшылары кіреді. YPO мүшелері басқаратын бизнестердің жалпы табысы 9 триллион доллардан асады. YPO мүшелері әлем бойынша 22 миллионнан аса адамға жұмыс беріп отыр.

Ұйымның Қазақстандық бөлімшесі 2011 жылы Нұрлан Қаппаровтың бастамасымен құрылған. Қазір қазақстандық YPO-ға 44 кәсіпкер мүше. Алдағы 3-4 жылда 100 мүшеге жету міндеті тұр.

Ұйымның мақсаты – өзара білім және тәжірибе бөлісу арқылы кәсіпкерлер ортасының өсуіне ықпал ету. Елдегі кәсіпкерлікті дамыту, кәсіп жүргізудегі ілгері халықаралық талаптар мен тәжірибенің орнығып, таралуына жағдай жасау. Кәсіпкерлер арасындағы өзара сенімге негізделген, мағыналы, мәнді қарым-қатынас дамыту, қоғам мен елге пайдалы бизнес жүргізу идеясына қызмет ету.

Осы мақсатта YPO Kazakhstan жыл сайын ондаған бизнес форум, оқу-ағарту жиындары мен қайырымдылық шараларын өткізеді.

«Әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылыққа келер болсақ, YPO Kazakhstan мүшелері еліміздегі ана мен балаларды қорғау, денсаулық пен спортты дамыту, руханият пен мәдениетті қолдауға арналған ең ауқымды шараларды ұйымдастырып, қаржыландырады. Соның ішінде білім беру және қазақ тілін қолдауға арналған тиімді бастамалар көп. Атап айтсақ, YPO мүшелері "Ана үйі", iQanat, ұлттық спорт түрлерінің 8 федерациясын, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының және басқа да ірі жобаларды алып жүр. Алдағы жылы осы бағыттағы жұмысты дамыта түсеміз. Осыған орай Астанада YPO Kazakhstan ұйымының жылдық жиналысы өтті. Басқосуда өткен жылғы жұмыс қорытындылап, жаңа міндеттер анықталды. Соның ішінде YPO аясындағы халықаралық ықпалдастық, әлеуметтік жауапкершілік, елімізді жан-жақты дамыту үшін мемлекеттік және қоғамдық ұйымдармен ықпалдастық бағыттарына ерекше ден қоямыз», - деп жазды Рауан Кенжеханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Серіктес жаңалықтары