×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

"Клубты қайтар деді": Бишімбаевтар Қахарманнан қалай кек алмақ болды

17.07.2024, 10:03
"Клубты қайтар деді": Бишімбаевтар Қахарманнан қалай кек алмақ болды
Ulysmedia.kz

Әйтеновтерден көресіні көріп, үш баласымен үйінен қуылған Дана Әтешованың оқиғасынан кейін қоғамда отбасындағы зорлық-зомбылық, ажырасу, бала қауіпсіздігі жайлы талқылар көбейе түсті. Бұл тақырыптағы әңгіме Қуандық Бишімбаевтың соты аяқталғаннан кейін саябырлағандай еді, қайта қызды.

Мәселен, сотталған экс-министрдің бұрынғы әйелі Назым Қахарман мен марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді кеше әлеуметтік желіде бірлесе тікелей эфир өткізіп, көпшілікті алаңдатқан өзекті тақырып жайлы ойларын ортаға салып, ажырасқалы жүрген келіншектерге өзін, балаларын қорғауға көмектесер кеңестерімен бөлісті.

ӘЙЕЛГЕ БӘРІ БИ, БӘРІ ҚОЖА

Назым Қахарманның пікірінше, неке – ең әуелі серіктестік, ер мен әйелдің ортақ жобасы. Сондықтан отбасын құрмақ бұрын екеуі бәрін келісіп, материалдық, моральдық мәселелерді толық талқылап алуы қажет.

– Ажырасқан уақытта дүние-мүліктің теңдей бөлінуі – заңдылық, бұл әлемдік тәжірибе. Алайда біздің ел бұған әлі жатырқай қарайды. Еркектер «Мен табыс табамын, ал сен үйде бос отырсың» деп шыға келеді. Әйелдің 9 ай бала көтергені, босанғаны, гормондық, психологиялық қиындықтарды бастан өткізгені қайда қалды? Оның құны қалай есептеледі? Баланың әкеге сыйлар бақытын да ақшамен есептей алмаймыз. Бірақ әлемдік тәжірибеде ер мен әйелдің отбасындағы материалдық үлесінен бөлек материалдық емес үлесі де есепке алынады. Бізге де осындай көзқарас керек. Қазақ қоғамында әйелге қойылар талап тым көп. Ол керемет жар, ибалы келін, үлгілі ана болып қана қоймай, жетінші баласын босанған соң 40 күннен кейін модель сияқты сымбатты болуы қажет. Сол талаптардың бәріне сай келіп тұрған күнде де үйде бос отырсың деп еңбегін құнсыздандырады, – дейді Назым.

ДҮНИЕ-МҮЛІК – МАНИПУЛЯЦИЯ ҚҰРАЛЫ

Эфирде ажырасқан соң табысын жасырып, балаларына алиментті ең төменгі мөлшерлемемен төлеуге тырысатын, кейде тіпті соқыр тиын да төлемейтін әкелер мәселесі де қозғалды.

«Қазір қаралып жатқан заң жобасы бойынша бұрынғы күйеуінен алимент алып отырған әйелдер әр тиын үшін есеп беруі керек. Мәселен, 20 мың теңге алса, соның 70 пайызын балаларына, қалған 30 пайызын өзіне жұмсауға құқылы. Яғни, сен балаларыңды саябаққа апарсаң, әперген әр балмұздағың үшін түбіртек жинап жүруге тиіссің деген сөз» , – дейді Айтбек Амангелді.

Назым Қахарманның айтуынша, табысын төмендетіп көрсету былай тұрсын, дүние-мүлкін әке-көкесінің атына жазу үрдісі кең белең алып барады. Мұндай жағдай өз отбасында да болыпты. Ол Бишімбаевтың анасының атына жазылған бизнесінен қалай айырылып қала жаздағанын айтып берді.

«Мүлік арқылы манипуляция жасауға болады. Қазақстандағы көп әйел сияқты мен де жұбайыма сендім. Менің басқаруымдағы түнгі клуб бұрынғы енемнің атына жазылған болатын. «Ажырасатын болсаң, клубты қайтар» деді. Бұл да манипуляцияның бір түрі. Қитұрқылықтарға назар аудармай, өз дегенімді істедім. Клубты бердім, клиенттер алдындағы міндеттемелерді төлеуге тура келді», - дейді Н.Қахарман.

Назымның айтуынша, Бишімбаевтың отбасы жұмысы дөңгелеп тұрған клубты қайтарып алу арқылы кек алуды көздеген.

«Мен бұл клубқа 10 жылымды жұмсадым. Меншік мәселесі – билік жүргізу әдісі емес пе? Тартып алам, ал, не істейсің дегендей. Бұл жерде өзіңізді қорғау маңызды, манипуляцияның жетегінде кетпеу керек. Ол (Бишімбаев – авт.)маған клубты 8 айдан кейін қайтарып берді, өйткені ол балалардың алдында абыройын сақтап қалғысы келді», - дейді ол.

АЖЫРАСУ ТУРАЛЫ ШАРТ

Спикерлердің пікірінше, отбасын құрмас бұрын неке шартын жасасу – өмір заңдылығы.

«Әлемдік тәжірибеде неке шартында күйеуі немесе әйелі жұбайына опасыздық жасаса, психологиялық залал келтірсе, қомақты сомада өтемақы төлеуі қарастырылған. Бұл өте дұрыс. Өйткені ажырасқаннан кейін әйелдің күйеуіне арнаған қаншама жыл уақытын ешкім қайтарып бермейді, жараланған жүрегінің, сыр берген денсаулығының өтемі болуы керек» дейді Назым Қахарман.

Сондай-ақ, ол Бишімбаевпен ажырасу кезінде балалар үшін жауапкершілікті қалай бөліскендері туралы айтып берді.

Назым бұрынғы жұбайының активтерін талап етпеуге уәде беріпті. Оның орнына Бишімбаев балаларды күтіп-бағуға, олардың білімі мен денсаулығына ай сайын жеткілікті деңгейде төлем жасауға келіскен.

«Арамызда нотариалды куәландырылған келісім болды. Онда ай сайын белгілі бір сома банктік шотқа жіберілетіні айтылған. Балалардың 21 жасқа дейін білім алуы, егер ақылы түрде оқитын болса – оның мойнында. Ол балалардың денсаулығына да жауапты. Егер кенеттен біреуі медициналық көмекке мұқтаж болса, шығындарды толық төлейді . Біз балалардың демалысы жайлы да келістік. Бұрынғы күйеуім жылына бір рет оларды демалуға апаратын», – деді ол.

Назым Қахарманға мұндай келісімге қол жеткізу оңайға түспепті. Құжат үш ай бойы талқыланған. Ол қазақ әйелдеріне өзін сенімді және қауіпсіз сезіну үшін жұбайларымен нотариус арқылы келісімшарт жасауға кеңес берді.

«Ол келісімшартқа балалармен қарым-қатынасына кедергі жасамайтыным жөнінде бір бөлім қостырды. Әрине, заң жүзінде менің бұған құқым жоқ. Біз бұл келісімді ұзақ уақыт талқыладық, кейбір тұсында көп дауластық. Мен мүлкіне ортақтаспауға, «шу шығармауға» келістім, өйткені бұл ешкімге қажет емес еді. Бұл келісім әлі күнге дейін сақталып келеді», - деп қайырды ол.

БИШІМБАЕВ ІСІ

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрады. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылды.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді. 

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.

13 мамырда шулы сот мәресіне жетіп, Қуандық Бишімбаевқа үкім оқылды.

Бұдан бұрын Бишімбаевтың экс-жары Назым Қаһарман әлеуметтік желіде балалары көпке танымал болып кеткендіктен фамилияларын өзгерткісі келетінін мәлімдеген.