Дүниежүзілік экономикалық форумының «Frontiers» ғылыми журналдар баспагерімен бірлесіп жасаған биылғы есебінде қоғам мен экономикаға айтарлықтай әсер ететін 10 жаңа технология анықталды, Ulysmedia.kz соның бесеуін назаларыңызға ұсынады.
Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Мария Жылқышиеваның сөзінше, баяндама авторлары кейінгі жылдары ЖИ-ды ғылыми жаңалықтар ашу бойынша пайдалануда ілгерілеулер байқалатынын айтқан.
“ЖИ жүйесі ақуыз құрылымдарының 3D үлгілерін дәл болжай алады. Сондай-ақ зерттеушілер ғылыми әдебиеттердегі үлкен көлемді ақпаратты игеру үшін ЖИ чат-боттарымен тілдік модельдерді құрастырып, жаңа ғылыми гипотезаларды ашып жатыр. Жасанды интеллект саласындағы инновацияның қазіргі қарқынмен дамуы келесі салаларда ілгерілеуге әкелуі мүмкін: Ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алу; Жасыл энергия үшін қажет технологияларды құруға мүмкіндік беретін жаңа материалдар өндіру; Биологияның қазіргі түсінігін кеңейтетін биология ғылымындағы тың жетістіктер; Адам санасын түсінудегі трансформациялық секіріс”, – дейді сарапшы.
Интернет пен байланыс сапасы
Зерттеуде бүгінгі таңда адамдар интернет пен байланыстың кідіріссіз болуын және оның энергияны аз тұтынуын қалайтыны атап көрсетіледі. 2030 жылға қарай 6G іске қосылатын болса, аталған талаптар одан әрі өсетіні анық. Бұл мәселені шешуде RIS (Reconfigurable Intelligent Surfaces) сымсыз байланысты жақсарту үшін смарт материалдар мен алгоритмдерді пайдаланатын жаңа технология басты рөл атқаруы мүмкін. RIS энергияны аз тұтынып, электромагниттік толқындарды дәл басқаруға мүмкіндік беріп, қуатты таратқыштардың қажеттілігін азайтады. «Huawei», «Intel» және «Samsung» сияқты көптеген ірі компаниялардың бұл технологияға инвестиция бөлуі оның болашақтағы маңыздылығын көрсетеді.
Әуе байланысы
Зерттеуде берілген жаңалықтардың бірі HAPS (High Altitude Platform Stations) – жер бетінен шамамен 20 км биіктікте көбінесе әуе шарлары, дирижабльдер немесе ұшақтар түрінде жұмыс істейтін платформалар арқылы байланысты арттыру. HAPS әсіресе таулар, джунглилер немесе құмды шөл секілді байланыстың жетуі қиын аймақтар үшін пайдалы болмақ. Жылдам бейімделу мүмкіндігі HAPS-ты төтенше жағдайларда адамдардың өмірін сақтап қалуы мүмкін құнды құралға айналдырады.
Құрылысты жобалау
Құрылыстағы иммерсивті жобалау виртуалды шындық пен ЖИ күшін пайдалана отырып, сәулетшілер мен дизайнерлер өзінің болашақ ғимараттарын физикалық шындыққа барынша жақын етіп жобалауға мүмкіндік береді. БҰҰ мәліметтері бойынша құрылыс секторы көмірқышқыл газының 40%-ға жуығын шығарады. Иммерсивті технологиялар жобадағы проблемаларды болжауға және дизайнды оңтайландыруға көмектесе алады.
Баламалы ақуыз
Ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми жаңалық соя сияқты ақуыздардың өндірісіне байланысты. Соя өндірісі ормандардың жойылуына, биологиялық әртүрліктің жоғалуына, парниктік газдар шығарындыларының артуына әкелуі мүмкін. Сондықтан бір жасушалы ақуыздардан, балдырлардан және тамақ қалдықтарынан алынған ақуыз негізіндегі мал азықтары ауыл шаруашылығы саласы үшін экологиялық орнықты шешім болады.
Гендік инженерия
CRISPR-Cas9 сияқты генетикалық манипуляциядағы соңғы жетістіктер адамдарға гендік-инженерлік органдарды сәтті имплантациялау денсаулық сақтау саласындағы елеулі алға жылжуды көрсетеді. Зертханалық зерттеулердегі прогресс АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасына (U.S. Food and Drug Administration) екі тірі пациентке доңыз жүрегін (2022 және 2023 жылдары) және бір пациентке доңыз бүйрегін трансплантациялауға (2024 жылы) рұқсат етуіне мүмкіндік берді. Барлық үш трансплантацияның реципиенттері трансплантациядан кейін қайтыс болғанымен, технология дамыған сайын зерттеу жетістіктері айтарлықтай жақсарады деп болжанады.