×
516.93
542.52
4.98
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
516.93
542.52
4.98

Бұл мәселе министрдің құзыретінде емес – Бейсембаев өзінің отставкасы жайлы

10.09.2024, 13:23
Бұл мәселе министрдің құзыретінде емес – Бейсембаев өзінің отставкасы жайлы
Коллаж: ulysmedia.kz.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім саласында қордаланған мәселелерге байланысты отставкаға кетесіз бе деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Министр мен вице-прмеьерге сұрақ

– Білім саласында мәселелер, оқыс оқиғалар көбейіп кетті. Қызылордада оқушы қызды сексуалды құлдыққа салса, Ақтөбе облысында оқушы қатарластарының қолынан өлді, ал Маңғыстау облысында жүздеген адам астан уланды. Осындай көп жайттардан кейін сіз министр ретінде отставка кетесіз бе? Бұл жөнінде осы мәселелерді бақылайтын Тамара Дүйсенова не ойлайды? – деп сұрады Ulysmedia.kz тілшісі Үкімет отырысында министр мен вице-премьерден.

Жауап

Бұл сұраққа жауап берген министр Бейсембаев бұл бағытта біршама жұмыс атқарылып жатқанын, бүкіл мектептерде бұрын жаңа академиялық білімге назар аударылса, соңғы кездері орын алған оқиғаларға байланысты тәрбиеге маңыз беріле бастағанын айтады. Министрдің сөзінше, тәрбиені күшейту бағытында бағдарлама қабылданып, бүкіл мектептерге енгізілген. Бағдарлама бойынша, бүкіл мектептердің директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары сынып жетекшілерінің біліктілігін арттырып жатыр. 

– Бұл жұмыс жалғасын табады. Әрине, өзгерістер бар. Оның нәтижесін көріп отырмыз. Дей тұрғанмен қордаланған мәселелерді де қарап отырмыз. Кез келген мәселе көптеген жағдаяттарға байланысты. Кешегі Маңғыстаудағы балалардың улануына байланысты бұл жерде тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді. Соны жеке кәсіпкерлер толық заңдарды толық орындалуы керек. Сонда бұған жол берілмейді, – дейді ол.

Министр Ақтөбе облысындағы оқиға бойынша жиын өткізіліп, жауапты әкімнің орынбасарларына мәселені қатаң бақылауға алу тапсырылғанын айтады. Бейсембаев атқарушы органдар мұндай жайттарға назар аударуы керек деп есептейді.

– Әр өңірдің бағдарламалары бар. Жұмыстар нақты жүргізіліп жатыр, – дейді ол.

“Сұраққа нақты жауап алмадық” деген нақтылауға министр “ең бастысы, министрдің міндеті – мәселелерді шешу екенін, ал отставкаға қатысты мәселе министрдің құзыретінде емес” деп жауап берді.

– Біздің негізгі мақсатымыз тиісті міндеттерді атқару, Президенттің тапсырмасын сапалы орындау, – деп аяқтады министр.

Ал Тамара Дүйсенова ”қоғамда болып жатқан келеңсіз жайттар тек білімге немесе Оқу-ағарту министрлігіне қатысты емес” екенін айтады.

– Министр осы келеңсіз жайттарды реттеу бағдарламасын көрсетті. Сол бағдарлама қалай орындалатынын көреміз. Нәтижесі бойынша қаралады, – дейді Тамара Дүйсенова.  

Кейінгі кездері білім саласында көбейіп кеткен оқыс оқиғаларға Маңғыстауда оқушылардың улануы қосылды. Жаппай улану себебінен еліміздің барлық мектептері тексерілетіні жазылған. Оның алдында Қопа мектебінің оқушылары арасында төбелес болып, салдарынан тоғызыншы сынып оқушысы өлгені белгілі болды. Қызылордада сексуалды құлдыққа түскен оқушы қыздың да оқиғасы бүкіл елде үлкен резонанс туғызған.