×
490.84
536.88
5.04
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
490.84
536.88
5.04

Қазақстанда әскерге қабылдау жасы ұлғаюы мүмкін

12.09.2024, 18:30
Қазақстанда әскерге қабылдау жасы ұлғаюы мүмкін
Коллаж Ulysmedia.kz

Қазақстанның Қорғаныс министрлігі әскерге қабылдау жасын ұлғайту туралы мәселесін қарастырғалы жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бірер күн бұрын желіде петиция пайда болып, оның авторы әскерге шақыру жасын 20 жасқа дейін ұлғайтуды талап еткен еді. Петиция мәтінінде 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер бірқатар себепке байланысты әскери қызметке дайын емес екені айтылған. Олардың ішінде физикалық және моральдық жай-күй, орта арнаулы білім алу мәселесі қамтылған.

Қорғаныс министрлігі не дейді 

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Ulysmedia.kz порталының осыған байланысты сұрағына жауап беріп, мәселе қарастырылатынын мәлімдеді.

Шенеунік қазіргі және өткен ғасырдағы 18 жастағы жігіттер әртүрлі адамдар деп санайды. Оның айтуынша, қазір 20 жасқа дейінгі жігіттердің өзі әскери қызметке дайын емес.

– Біз бұл мәселені қарастырамыз. Бүгін 18 жастағы жігіттер келеді, барлығы телефон ұстаған жастар. Денесі шынықпаған, - дейді ол.

Армиядағы проблемалар

Еске сала кетейік, 7 қыркүйекте "Оймаша" полигонында "Батыс" өңірлік қолбасшылығы бөлімшелерінің жиындары кезінде қайғылы оқиға болды. Мерзімді әскери қызметте болған 19 жастағы сарбаз Марат Ерболұлы Барқұлов бетінен оқ тиіп қаза болды. Кейін қаза тапқан әскери қызметшінің әкесі Қазақстан Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовқа жүгінді.

Бұған дейін Алматыдағы 5571 Ұлттық ұланның әскери бөлімінің сарбазы Ербаян Мұхтар жарты жылға жуық комада болғаны хабарланған болатын. Ресми нұсқада сарбаздың дәретханаға құлап, басын плиткаға тигізгені туралы айтылады. Жігіттің ата-анасы бұл нұсқаға сенбейді. Ұлттық ұлан тергеу сараптама жүргізіп жатқанын, ал сотқа дейінгі тергеудің өзі жалғасып жатқанын атап өтті.