️Әділет министрлігі түрік компаниясынан мемлекет мүддесін қорғап алу үшін 5,9 миллиард теңге көлеміндегі алғытөлемді қайтарып алу туралы шешімге қол жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ
2021 жылғы 25 қазанда Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті (АЖК) «F&A Road Construction» (Мердігер) компаниясымен «Құрты-Бурылбайтал» автожолын қайта жаңартуға келісімшарт жасаған. АЖК техниканы жұмылдыру және материалдарды дайындау үшін 5,9 миллиард теңге көлемінде алғытөлем аударған. Алайда түрік мердігері жұмысқа кіріспей, келісімшарт 2022 жылдың мамырында біржақты бұзылды. АЖК-ның алғытөлемді бейбіт жолмен қайтаруға тырысуы нәтиже бермеген.
МЕРДІГЕРГЕ ШАРА
Үкіметтің тапсырмасы бойынша Әділет министрлігі мердігерге қарсы төрелік бастап, ақшаны қайтару үшін белсенді шаралар қабылдады. 2024 жылдың сәуірінде «White & Case LLP» заң фирмасымен бірлесіп Париждегі Халықаралық сауда палатасының төрелік сотына өтініш берілді. Жұмыстағы басымдық мемлекеттік қаражатты қайтару болған.
НӘТИЖЕ
2024 жылдың маусымында Мердігер бітімгершілік келісімге қол қоюды ұсынды, ал 2024 жылдың 28 тамызында АЖК келісімге қол қойды. Осы келісімге сәйкес мердігер 2024 жылдың 26 қыркүйегіне дейін 5,9 миллиард теңге аванстық төлемді қайтаруға, сондай-ақ Әділет министрлігінің қызметтері үшін 280 000 USD және төрелік жарнаның 85 000 USD заңды шығындарын өтеуге міндеттелген.
– Осылайша, Әділет министрлігінің үйлестіруімен тартылған мемлекеттік органдардың кешенді жұмысының арқасында мемлекеттің құқықтарын қорғауға, заң кеңесшісін тарту шығыстарын өтеуге, сондай-ақ мәселені қымбат төрелік процесте қарауға жол бермеуге мүмкіндік туды, – делінген хабарламада.
Міндеттемелерді орындамауға және жол мердігерлерінің алғытөлемдерді қайтармауына байланысты тағы үш ұқсас әлеуетті даулардың болуын ескере отырып, бұл іс мемлекеттің өз мүдделерін қорғаудағы және бюджет қаражатын қайтарудағы тиімділігін көрсетеді.