ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев жаңа әуежайлар салу мақсатында таңдалған учаскелермен танысу үшін елдің шығыс өңірлеріне барды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚАЙДА
Туристік аймақтардағы көлік инфрақұрылымын жақсарту бағдарламасын жүзеге асыру аясында Катонқарағай өңірі мен Зайсан қаласында жаңа әуе айлақтары салынады.
Мәселен, Катонқарағай ауданында жаңа әуежай Солдатово ауылының маңынан салынады. Бұл ауыл Катонқарағай және Үлкен Нарын ауылдарының арасында орналасқан. Катонқарағай ауылына дейінгі қашықтық 38 шақырымды құрайды.
Ал Зайсанда әуежай Сәтбаев атындағы бұрынғы әскери әуеайлақтың аумағында орналасады. Бұл жерден Зайсан қаласына дейінгі қашықтық 25 шақырымды құрайды.
ҰШУ-ҚОНУ ЖОЛАҒЫ
Бастапқы кезеңде әуежайларда Q400, ATR 42/72, CRJ200 әуе кемелері үшін ұзындығы 2200 метр жасанды ұшу-қону жолағы салынады. Әуе кемелерінің бұл түрлері Астана мен Алматыдан облыстың туристік орындарына дейін әуе қатынасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Кейін бұл жолақты кеңейту жұмыстары жүргізіліп, сыйымдылығы көбірек үлкен ұшақтарды (Airbus А320, Boeing 737) қабылдауға да мүмкіндік бар.
"Мемлекет басшысы Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында сапалы жол инфрақұрылымы бар аэровокзал кешендері мен әуежайларды салуды тапсырды. Қойылған міндеттерді уақтылы орындау үшін ел өңірлеріне жұмыс сапарымен шығып, нысандар салынатын учаскелермен танысудамыз. Алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстарды пысықтадық. Үш әуежайдың да құрылысы келесі 2025 жылы басталады", деп атап өтті министр.
Министр жергілікті атқарушы органның өкілдерімен, құрылыс және авиация саласының сарапшыларымен кездесу өткізді, онда әуежайлар салу жоспары талқыланды.