×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Мәсімов, Сатыбалды айтылмауы керек». Айтыста қазір шектеу бар ма? Аманжол Әлтаевтың жауабы

09.10.2024, 17:55
«Мәсімов, Сатыбалды айтылмауы керек». Айтыста қазір шектеу бар ма? Аманжол Әлтаевтың жауабы
Ulysmedia коллажы

Жақында журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға сұхбат берген ақын Айтбек Тұрсынбай атты азамат айтыста шектеу барын мәлім еткен еді. Ол айтысты өткізуге қазір «Аманат» партиясы жауапты екенін, оның атынан ақын Аманжол Әлтаев шығып, айтыстың алдында 10-15 минут түсіндіру жұмыстарын жүргізетінін мәлім еткен. Расында солай ма? Бұл сұрақты бүгін журналистер депутаттың өзіне қойып көрді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

АЙТБЕК ТҰРСЫНБАЙ НЕ ДЕЙДІ

- Ал енді мына тақырыптарды айналып өткен жөн: қымбатшылық, Үкіметті сынау мәселелері көтерілмесін. Дағдарыс деген сөзден қашу. ҰБТ кезіндегі келеңсіздіктер, Қайрат Сатыбалдының кешірім сұрап жатқаны, Кәрім Мәсімов те кейінгі кезде айтылып жүр. Оларға тоқталмау керек. Мұхамеджан Тазабековтың Елдос Сметовтың медалін тағып, әлеуметтік желіде қыр көрсеткендей суреті таратуы айтылмауы керек. Боксшылардың сәтсіздіктері, жаттықтырушыларды жұмыстан шығару, көшелерде қара жамылғандар мен сақалдылардың домбыра, ұлттық құндылықтарға оқтын-оқтын шүйлігуі, әскердегі сарбаздардың өлімі айтылмауы керек. Менің айтқым келгені арман-мақсатым – онда айтысты тоқтата салайық та», - дейді ақын сұхбатында.

Оның айтуынша, Аманжол Әлтаев қазір айтыстың бәрін жүргізеді, ұйымдастырады, тізімдейді.

– Толық басы-қасында жүр. Себебі Жүрсін Ерман ағамыз денсаулығына байланысты соңғы жылдары айтысты Аманжол Әлтаев ұйымдастырып жүр. Аманжол ағамыз «Аманат» партиясының депутаты. Аманжол Әлтаев, Ринат Зайытов ағаларымыз партия депутаты болған кезде мен үш-ақ нәрсе күттім: айтыста ақындарға сөз бостандығы келеді, ақындар қорықпай айтыса алады дегенді күттім. Екіншіден, домбырамыз ұшаққа емін-еркін кіреді деп, үшіншіден эфирдегі болмайтын «Бір болайық», «Қалаулым» сияқты бағдарламалар жабылады деп күттім. Бірақ үміт ақталмады, – дейді Айтбек Тұрсынбай.

Ақынның айтуынша, Аманжол Әлтаев айтыс алдында 10-15 минуттық әңгіме өткізеді.

- Президент жайлы әңгіме қозғалмаса, билікті бас-көзсіз сынауды қояйықшы бауырлар дейді. Айтпа десем де айтып қоятын ақындар бар. Сөз түсінбейді дейді. Мәдениетті түрде ескертеді. Іште қыжыл бар. Айтасың, финалға шықпай бірінші айналымнан қайтасың, – дейді ол. 

АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВТЫҢ ЖАУАБЫ

– Бұл ашығын айтқанда негізі жоқ бопса әңгіме. Айтбек Тұрсынбайдың осы сұхбатын қарап шықтым. Онда негізсіз, бопса айтылған. Ішіндегі өкпесін қалай болса солай сұхбатта жеткізуге тырысқан. Айтыстың алдында нақты екі-үш мәселені ғана айтамыз: ол Қазақстанның ішіндегі ұлт араздығын қоздыратын сөздерді айтпауға, екіншіден Қазақстанның сыртқы геосаяси жағдайында басқа мемлекеттермен арасындағы араздықты айтпауға ақындарды шақырамыз. Ақындардың аузына қақпақ қояды, тыйым салады деген сөздердің бәрі негізсіз деп ойлаймын. Бұған дәлел іздесеңіздер, белсенді, айтыстың бел ортасында жүрген кәдімгі ел білетін мықты ақындардан сұрасаңыздар болады. Олар ашық әділдігін айтар деген ойдамын, – дейді ол.

Депутат жоғарыдағы сұхбат барысында Айтбек Тұрсынбай Дулат Тастекеевтің «Хабар» арнасындағы «Асыл тас» қорының жобасы «Асыл домбыра» айтысы жайлы уатсап арқылы қойылған шектеулерді депутат айтқан секілді қиюластырып жіберген дейді.

- Бұл әділеттілікке қайшы. Мен Дулат Тастекеевтің өткізіп жатқан жобасына қатысым жоқ. Мен онда қазы болған да жоқпын, ұйымдастыру жұмыстарына араласқан да жоқпын. Сондықтан, осы мәселенің ара-жігін ашып алу керек. Өзім ұйымдастырған айтыстардың барлығында кез келген аузымнан шыққан сөздерге мен толық жауап бере алам, – деді ол.