Шенеуніктің әйелі Эльмира Баққали әнші Мархаба Сәбидің сөзіне жазылған “Қазақстан” әніне 2015 жылы бейнеклип түсірген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол Ұлттық ұланның ән-би ансамблінде ұзақ уақыт қызмет еткен.
НЕ ЖАЙЛЫ
Бейнебаянда шенеуніктің әйелі көшпенділер жауынгері және әскер командирі образын сомдаған. Оқиға желісі сарбаздың әскерге шақырылғанынан бастап өрбиді. Бейнебаянда жас сарбаздың әскердегі өмірі көрсетіледі. Ол әнші-командирге ғашық болып қалады. Алайда сарбаз ғашығына қол жеткізе алмайды. Бейнебаян соңында жігіт әскерден оралып, отбасымен әнші-командирдің сахнада өнер көрсеткенін теледидардан тамашалайды.
Бейнеклиптің түсіріліміне әскери техниканың тұтас колоннасы, тікұшақ пен бір топ сарбаз жұмылдырылған. Әнші милитари матадан тігілген иығы ашық костюмды киіп, патриоттық ән шырқады.
ЭЛЬМИРА БАҚҚАЛИ КІМ
2014 жылы Руслан Жақсылықов Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы болып тағайындалған еді. Ал бейнеклип Эльмира Баққали ансамбль құрамында болғанда 2015 жылы жарыққа шыққан.
Сондай-ақ Эльмира Баққали – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. "Құрмет" орденінің иегері. Ол Ұлттық ұланның ән-би ансамблі би тобының көркемдік жетекшісі болған.
Бейнебаянды көрген соң оны түсіруді кім ұсынды, кім қаржыландырды деген заңды сауал туады. Ондағы адам саны мен әскери техниканы ескерсек, түсірілімге үлкен қаражат жұмсалған көрінеді.
Қорғаныс министрлігі бейнебаянға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.
ЖАҚСЫЛЫҚОВ КІМ
1966 жылы 4 наурызда Алматы облысы Қаскелең қаласында дүниеге келген.
И.С. Конев атындағы Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін (1987 жыл), М.В. Фрунзе атындағы Әскери академияны (1996 жыл), Ресей Федерациясы ҚК Бас штабы Әскери академиясының Жоғары академиялық курстарын (2004 жыл) бітірген.
Еңбек жолын 1987-1988 жылдары Орта Азия әскери округы мотоатқыштар полкі мотоатқыштар взводының командирі ретінде басталған. Әр жылдары Қарулы Күштері гвардиялық оқу-жаттығу орталығының барлау бастығы, ІМ ішкі әскерлер бригадасының штаб бастығ, ІІМ ішкі әскерлер бас штабының бастығы. Ұлттық ұланының бас қолбасшысы, Ішкі істер министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2022 жылғы 19 қаңтардан бері Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі.
Руслан Жақсылықовты ел қорғаныс министрінен көрі, «ұнмаса көшіп кет» деген сөзі арқылы жақсырақ таниды.
АРМИЯДАҒЫ ӨЛІМ
Кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Қорғаныс министрінің орынбасары – генерал-майор Бақытбек Сыдықов қарулы күштерде соңғы төрт жылда 40 әскери қызметкер өзіне қол салғанын хабарлаған. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болғанын айтқан.
ӘСКЕРДЕГІ БУЛЛИНГ
Әскери саланы зерттеп жүрген журналист Амангелді Құрмет әскердегі, қала берді қоғамдағы буллинг қоғамның мәдени, құқықтық санасының көрінісі десе, әлеуметтік теория зерттеушісі Ғалым Жүсіпбек бүгінгі қазақ қоғамындағы зорлық, әлімжеттік, адам тұлғасын қастерлемеу сынды теріс әрекеттердің себебі тоталитар жүйемен тығыз байланысты екенін айтады.