×
498.34
519.72
4.85
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
498.34
519.72
4.85

Букмекерлер депутат Берденовті сотқа берді

14.10.2024, 20:05
Букмекерлер депутат Берденовті сотқа берді
Коллаж Ulysmedia

Қазақстанның букмекерлер қауымдастығы Respublica партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Руслан Берденовты сотқа берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ТАРАТТЫ”

Букмекерлер қауымдастығы Берденовті ойын бизнесі және спорттық бәс тігу ұйымдастырушыларының іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жалған ақпараттарды таратты деп оның үстінен сотқа арыз түсірген. 

Сала өкілдерінің айтуынша, мұндай беделге нұқсан келтіретін ақпараттар жауапкердің депутаттық қызметі барысында көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен интернет ресурстары арқылы таратылған.

«Жауапкер таратқан жалған ақпараттардың нәтижесінде реттеу шараларының қатаңдатылуына, саланың және оған қатысты салалардың монополиялануына, бизнес функцияларын делдалдарға беру немесе бизнестің қызметін шектеуге ұласты. Атап айтқанда, жауапкер таратқан ақпараттар ойын бизнесі және спорттық бәс тігу саласындағы реттеуді қатаңдататын заң жобаларының негізінде пайдаланылды”, –  деп жазылған арызда. 

АЙТА КЕТЕЙІК

Берденов мұндай заң жобалары бойынша жұмыс жүргізетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жұмыс топтарына мүше, сонымен қатар ойын бизнесі және спорттық бәс тігу салаларын реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органмен аффилиирленген тұлға.

БУКМЕКЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Әрі қарай букмекерлер Берденовтің көпшілік алдында келтірген деректеріне талдау жасаған.

Мысалы Мәжіліс депутаты таратқан расталмаған ақпараттар деп төмендегі мысалдарды келтіреді:

  • Қазақстанда құмар ойындарға тәуелді шамамен 350 мың азамат бар деген деректер расталмады, өйткені денсаулық сақтау министрлігінің жауабына сәйкес, 2023 жылдың сегіз айында құмар ойындарға патологиялық әуестігі бар деген диагнозбен динамикалық бақылауда 10 адам тұрған (2022 жылы – 10 адам, 2021 жылы – сегіз адам, 2020 жылы – тоғыз адам);
  • Қазақстандағы құмар ойынға тәуелділердің әрқайсысының орташа қарызы 10 млн теңге шамасында деген деректер Ұлттық банкпен расталмады;
  • «Құмар ойынға әуес балалар» және құмар ойындарға әуестік ажырасудың негізгі себебі деген деректер расталмады, өйткені мұндай деректер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде жоқ.

СОТҚА ДЕЙІН ШЕШКІСІ КЕЛГЕН

Букмекерлер 2023 жылғы 20 желтоқсанда дауды сотқа дейін реттеу мақсатында жауапкерге сотқа дейінгі талап жіберген. Онда ойын бизнесін ұйымдастырушылардың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жалған мәліметтерді терістеуді, олардың шынайы емес екендігі туралы міндетті түрде хабарлай отырып, осы құжаттарды қайтарып алуды, ойын бизнесін ұйымдастырушылардан жария түрде кешірім сұрауды талап еткен. 

Бірақ ойын бизнесін ұйымдастырушылар Берденовтен талаппен келіспейтіндігі туралы және таратылған ақпараттарды беделге нұқсан келтірмейді деп санайтыны жөнінде жауап алған.