Украина астанасы Киевте соғыста тұтқынға түскен немесе жоғалған жауынгерлердің туыстары акция өткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
ВВС-дің мәліметінше, акцияға жүздеген адам қатысқан. Олар тиісті органдардан тұтқынға түскендердің тағдыры мен жоғалған жауынгерлерді іздеу барысы туралы көбірек ақпарат беруді талап етті.
«Ана ретінде оның (ұлының – ред) қайда екенін білгім келеді. Шындықты білгенше, ештеңе білмей өмір сүру өте қиын. Маған ақша да, марапат та керек емес, маған бір-ақ нәрсені білу керек – менің ұлым қайда. Билік пен халықты қорғап жүрген ол өзін де билік қорғайтынына сенімді болған» – дейді акцияға қатысқан әйелдердің бірі Анна Лагасюк.
Аннаның ұлы 2014 жылы Донбасстағы қақтығыстарға да қатысқан. Ресейдің басқыншылығынан соң ұрыс алаңына өз еркімен аттанған. Қазіргі уақытта ол із-түзсіз жоғалғандар қатарында.
Еуропалық сыртқы байланыстар қызметінің мәліметтері бойынша, соғыс басталғаннан бері Ресей тұтқынында кем дегенде 177 украиналық әскери тұтқын қаза тапқан.
ЗЕЛЕНСКИЙДІҢ ЖЕҢІС ЖОСПАРЫ
Украина президенті 16 қазанда «жеңіс жоспарын» алғаш рет жариялады, ол 5 тармақ пен 3 құпия хаттамадан тұрады. Президенттің айтуынша, Ресейдің агрессивті соғысын аяқтау үшін Украина мен серіктестері жағдайларды бірге өзгертуі керек, осылайша Ресей «бейбітшілікке мәжбүр болады».
Жоғарғы Радада жарияланған "жеңіс жоспары" бес тармақтан тұрады: біріншісі – геосаяси, екіншісі мен үшіншісі – әскери, төртіншісі – экономикалық, бесіншісі – қауіпсіздік, деп хабарлады Украина президенті заң шығарушыларға.
«Бірінші тармақ – НАТО-ға шақыру. Қазір. Бұл серіктестердің Украинаға қауіпсіздік архитектурасындағы орнын қалай көретінін анықтайды», – деді Зеленский.
Жоспардың екінші тармағы – қорғаныс, оған құпия қосымша кіреді. Үшінші тармақ – ресейлік агрессияны тежеу, ол да одақтастарға арналған құпия қосымшаны қамтиды. Бұл тармақтарға Украинаға қажетті қаруды қамтамасыз ету және алыс қашықтыққа ұшатын қаруды пайдалануға рұқсат беру кіреді. Төртінші тармақ – Украинаның стратегиялық-экономикалық әлеуеті, оған да одақтастарға арналған құпия қосымша бар. Бесінші тармақ – соғыстан кейінгі кезеңде Украинаны қалпына келтіруге арналған.