ҚМДБ соңғы кезде қоғамда болып жатқан жантүршігерлік жайттарға қатысты үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мүфтият ел азаматтарына бір-біріне қиянат жасауға болмайтынын ескертті.
Соңғы кездері қоғамда болып жатқан түрлі қатігездік оқиғалар бәрімізді қатты алаңдатып отыр. Оқушылардың жаппай төбелесі, жастар арасында өзіне қол жұмсау оқиғаларының жиі қайталануы, тұрмыстық қақтығыстың соңы өлімге ұласуы сынды ауыр жағдайлар жанымызға қатты батып отыр. Шариғатымыз бойынша бейкүнә адамды өлтіру – барша адамды өлтіргенмен тең, – делінген ҚМДБ үндеуінде.
ҚМДБ азаматтарды қатігездікке жол бермеуге шақырып, қаралы үйлердің қайғысына ортақтасып, марқұмдардың отбасына, туған-туыстарына тағы да көңіл айтқан.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты.
Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді.
Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.
Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.
Сонымен қатар, Жақып Асанов осы іске қатысты өз есімінің аталуына байланысты түсініктеме берді.