Мәжілісте төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жыл соңына дейін республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен, сондай-ақ лизинг шеңберінде 728 арнайы техника, 18 мыңнан астам керекті жабдықтар сатып алынатынын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ӘРІНОВ НЕ ДЕЙДІ
Министрлік бөлімшелерінің материалдық-техникалық жарақтандыру тәсілдері қайта қаралды. Өрт сөндірушінің жауынгерлік киімі жақсартылды. Енді оның салмағы жеңілірек, бұл құтқару жұмыстарын орындауға ыңғайлы. Сапасы жоғарлап, сыртқы факторларға төзімді етіп жасалған. Жыл соңына дейін республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен, сондай-ақ лизинг шеңберінде 728 арнайы техника, 18 мыңнан астам керекті жабдықтар сатып алынатын болады. Техниканы бірінші кезекте аудандық бөлімшелердің қажеттіліктері үшін бөлеміз. Алғаш рет 4 ұшақ пен 7 тікұшақты, сондай-ақ, көпқабатты ғимараттардағы өртті сөндіру үшін 2 өртті сөндіру дронын және жедел жағдайды бақылауға арналған 10 ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алу жоспарлануда, – деді ол.
121 ӨРТ СӨНДІРУ ДЕПОСЫН САЛУ ҚАЖЕТ
Сондай-ақ министр өрт сөндіру бөлімдерін салу тәсілі қайта қаралатынын, тамыз айында елордада жатақханасы бар бірегей өрт сөндіру бекеті ашылатынын атап өтті. 3,5 айда заманауи технологияларға сай жылдам салынатын конструкциялардан салынды. Осыған ұқсас «құрылыс генокоды» барлық өңірлерде енгізілетін болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Үйден өрт шыққанда не істеу керек – ТЖМ кеңес берді
Жалпы, республика бойынша 432 өрт сөндіру бөлімі бар, 121 өрт сөндіру депосын салу қажет. Сондай-ақ қаржыны үнемдеу есебінен өз күшімізбен өрт сөндіру бөлімдерін жөндеп, аумақты абаттандырудамыз. Мәселен, Ақмола облысында бірегей пилоттық жоба іске қосылды. Ескі өрт сөндіру бекетін жөндегеннен кейін өрт сөндірушілер, дәрігерлер және құтқарушылардан тұратын бөлімше құрылды. Бұл жедел түрде көмек көрсетуді арттырады және адам өмірін уақтылы құтқаруға мүмкіндік береді», – деді Шыңғыс Әрінов.
Айта кетейік, Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов төтенше жағдайлар үшін ұшақтар мен тікұшақтар сатылып алынатынын бұған дейін Үкіметте өткізілген брифинг барысында айтқан еді. Ulysmedia.kz бұл мақсатта мемлекет бюджетінен қанша қаражат жұмсалып, ол техникалар не үшін қажет болғанын министрліктен ресми сауал арқылы сұрап білген болатын.