Мемлекетке қайтарылған активтер ішіндегі 12 млрд теңге сомасы әлеуметтік жобаларға жұмсалады. Қазақстанның Бас прокуратурасы осындай ақпарат таратты, деп жазады Ulysmedia.kz.
ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАННЫҢ ХАБАРЛАМАСЫ
Қазақстанның Бас прокуратурасы активтерді қайтару бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында 12 млрд теңгеге әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша 4 келісімге қол қойылғанын хабарлады. Солардың бірі – Алматы қаласында заманауи мәдениет орталығын салу жобасы. Оның ауданы үш мың шаршы метрден асады және арнайы залдар мен әмбебап көрме алаңдарын, білім беру және демалыс орындарын қамтиды. Объект іске қосылғаннан кейін жыл сайын халықтың әлеуметтік осал топтарынан келушілерге тегін репетициялар мен шеберлік сабақтары өткізіледі.
– Тағы бір мысал, Шымкентте мұқтаж отбасыларды одан әрі қамтамасыз ету үшін мемлекет меншігіне өтетін көпқабатты тұрғын үй құрылысы болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, – деп хабарлады Бас прокуратура.
Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев бұған дейін Қазақстанға басқа мемлекеттерден 205 млн доллардың активтері қайтарылғанын хабарлаған еді.
Бас прокурор орынбасарының айтуынша, қайтарылған активтер үшін мемлекеттік мүлік комитетін бақылайтын арнайы қор құрылған.
Сондай-ақ журналистер "қайтарылған активтер біреудің қалтасынан екіншісінің қалтасына түсіп кетпей ме?" деп сұраған. Оған Қойгелдиев "жоқ" деп жауап берген.
ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕДІ
Жалпы елде заңсыз иемденілген активтерге жауапты «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС (ҚАБК) құрылған. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековтың жауабына сүйенсек, ақшалай нысандағы активтерді қоспағанда, ерікті немесе мәжбүрлі сипатта мемлекет меншігіне қайтарылған активтер осы ҚАБК-ның – Басқарушы компания мүлкі құрамына қабылданады.
Дәурен Темірбековтың сөзінше, 2024 жылдың 9 қыркүйектегі жағдай бойынша қорға түсімдер 176,3 млрд теңгені құраған. Оның ішінде Басқарушы компаниядан түскен қаражат 5,7 млрд теңге (активтерді сатудан және басқарудан қаражат). Бұл – бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бөлінген сомаға тең қаражат.
Қор қаражатты әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсайды. Қор қаражаты есебінен қаржыландыру үшін жобаларды іріктеу және олардың өлшемшарттарын айқындау тәртібі Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген Әлеуметтік және экономикалық жобаларды іріктеу және өлшемшарттарын айқындау қағидаларында айқындалған. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган – Ұлттық экономика министрлігі.