Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкімет басшысы Олжас Бектеновтен министрлер кабинеті сөзінің бәтуасының болмауының себебін, оның алдын алу жоспарын сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ЕШКІМНІҢ БЕТІН ҚЫЗАРТПАЙ -АҚ ҚОЯЙЫН
Бюджет мәселелері талқыланып жатқан парламенттегі отырысқа бүгін бүкіл кабмин мүшелерін бастап Олжас Бектеновтың өзі келген. Оған Ринат Зайытов бірнеше мәселе бойынша сын айтты.
– Олжас Абайұлы, жалпы министрлер кабинетінде мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 400 жайлы мектеп салынуы керек еді. Оның саны 369-ға түсіп, 157-не әлі ақша жоқ болып отыр. 2024 жылдың сәуірінен бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге мөлшерін ұлғайту керек еді. Бұл да мемлекет басшысының тапсырмасы. Кеше экономика министрінің айтуынша, бұл да қозғалыстар жоқ. 2025 жылға дейін 95 пайыз жергілікті жолдардың бәрі жөнделуі керек еді. Бұл да іске асуы неғайбыл екеніне келісетін шығарсыздар. Тағысын тағы. Жетіп жатыр. Елге берген, бізге берген уәделерді айтып, ешкімнің бетін қызартпай-ақ қояйын. Осы орайда сұрақ: министрлер кабинетінде сөздің бәтуасының болмауының себебі неде? Сіздің осының алдын алу үшін қандай жоспарыңыз бар? – деп сұрады Ринат Зайытов.
БЕКТЕНОВТІҢ ЖАУАБЫ
– Үкіметтің жұмысы – мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған. Барлық іс-әрекетіміз соған байланысты. Бюджетті қараған кезде 32 трлн теңгеге өтінімдер түсті. Бірақ қолымызда бар қаражат 15-ақ трлн теңге. Осы қаражаттың шеңберінде барлық жұмыстарды ұйымдастырып жатырмыз. Ары қарай экономикамызды дамытып, жоғары өндірілген тауарларды елде өндіруміміз керек, – деп қысқа қайырды Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы сол кезде ғана бюджетке кірістер түсіп, уәделер орындалатынын айтты.