Грузия президенті Саломе Зурабишвили Батыс елдерін Грузияда өткен парламент сайлауы қорытындысын қайта қарау үшін билікте отырған "Грузин арманы" партиясына қысым көрсетуге шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қысым көрсетілмесе, бұл Батыстың Грузияны Батыс жағында және Еуропа бағытында ұстап қалуға қолдан келгенше тырыспағанын білдіреді, – деді Зурабишвили Азаттықтың Грузин қызметіне берген сұхбатында.
Орталық сайлау комиссиясы биылғы 26 қазанда өткен сайлауда "Грузин арманы" партиясы сайлаушылардың 54 пайызға жуығының қолдауына ие болып, жеңіске жетті деп жариялаған. Грузия заңына сәйкес, бұл партия үкіметті өзі жасақтайтын құқыққа ие болады.
ОСК парламентке бес пайыздық межені еңсерген батысшыл төрт оппозициялық күш те өткенін хабарлады: "Өзгерістер үшін коалициясы" – 18, "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы – 17, "Қуатты Грузия" – 14, "Гахария Грузия үшін" партиясы – 12 орын иеленді.
Сайлаудың ресми қорытындысына келіспеген президент Зурабишвили мен оппозиция "300 мыңға жуық дауыс биліктегі партияның пайдасына бұрмаланды" деп мәлімдеді. Грузия президенті "Грузин арманы" партиясы "сайлау науқанында ресейлік нарративтер қолданғаны" туралы да айтты.
Грузия заңы бойынша, президент рәсімдік функция ғана атқарады, яғни елдегі мемлекеттік органдардың Конституцияны сақтауын қамтамасыз етеді, сонымен бірге халықаралық келісімдерді бекіту кезінде мемлекет атынан қатысады. Бұған қоса президент елшілер мен өзге де дипломатиялық өкілдерді тағайындайды.
Атқарушы билік тармағын премьер-министр басқарады. Кейінгі 12 жылдан бері үкімет басында парламентте көпшілік дауысқа ие болған "Грузин арманы" партиясы отыр.