×
495.2
522.34
4.94
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
495.2
522.34
4.94

«Жұмысы мардымсыз»: Бектенов өзіне ұнамай жүрген әкімдіктерді атады

12.11.2024, 10:34
«Жұмысы мардымсыз»: Бектенов өзіне ұнамай жүрген әкімдіктерді атады
https://primeminister.kz/

Өрт қауіпсіздігі мәселесі талқыланған отырыста үкімет басшысы Олжас Бектенов әкімдіктер мен министрліктерді бірнеше мәселеге назар аударуды тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЕКІ КҮННІҢ БІРІНДЕ ӨРТ

Бектенов жылу беру кезеңі енді ғана басталса да, Қазақстанның тұрғын үй секторында екі күннің бірінде өрт шығатынын айтады. Пеш жағу кезінде қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан бір айда 130-дан астам өрт тіркелген. Сондай-ақ иіс тиіп уланған жағдайлар жиілеп кетті. Қаза тапқандар да бар.

– Оқыс жағдайларды барынша азайтпасақ болмайды. Жылу беру кезеңінде өрттердің 50%-ға жуығы пештер мен мұржалардағы ақаулардың кесірінен орын алады. Алайда, өрттің негізгі шығу себебі жылыту пештері мен қазандықтарды пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін өрескел бұзу болып отыр. Төтенше жағдайлар министрлігі осыған баса назар аударып, мұндай бұзушылықтарға бей-жай қарамауға тиіс. Тек ұсыным берумен ғана шектелуге болмайды. Ол үшін газ-техникалық инспекцияның өкілеттігін күшейту керек. Төтенше жағдайлар, Ішкі істер министрліктері мен әкімдіктер бұл бағыттағы профилактикалық жұмысты күшейтуі қажет, – дейді премьер-министр.

Осыған байланысты ол мына мәселелерге назар аудартады. Біріншіден, әкімдіктер Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторында жаппай өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыруы қажет деп тапсырды. Бұған әкімдіктердің газ-техникалық инспекциясын тарту керек деп есептейді.

– Бірінші кезекте, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерін есепке алған жөн. Олар ерекше бақылау аймағында болуға тиіс. Осындай үйлердің барлығына улы газ датчиктерін тегін орнату қажет. Алайда Жетісу, Ақмола, Ақтөбе облыстарының және Алматы қаласы әкімдіктерінің бұл бағыттағы жұмыстары мардымсыз екенін атап өткім келеді. 2%-дан 14%-ға дейін ғана қамтылған. Аталған әкімдіктер жұмысты күшейтіңіздер, – дейді ол.

50 ЖЫЛ БОЛҒАН БАЛЛОНДАР БАР

Бектеновтің сөзінше, жарамсыз тұрмыстық баллондарды қолданыстан шығару және утилизациялау мәселесі де әлі шешімін таппаған. Суық түскелі бері үйлерде газ баллондары жарылған 8 жағдай тіркелген.. Негізгі себеп – оларды пайдалану және сақтау талаптарын бұзу. Оның ішінде 50 жыл болған баллондар да бар. Қазіргі уақытта газ жабдықтарын пайдалану талаптарының сақталуын бақылау әкімдіктерге жүктелген.

– Алайда жұмыс тиісті деңгейде емес. Газ толтыру пункттерінің меншік иелері арасында баллондардың сапасын бақылау, олардың жарамдылық мерзімін тексеру туралы түсіндіру жұмысын жүргізу қажет. Жалпы, бұл күрделі мәселе екенін атап өткім келеді. Тұрмыстық газ баллондарын жасап шығару ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келеді. Қайта жыл өткен сайын күрделеніп барады. Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, баллондар өндірісін ұйымдастыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын, – дейді ол.

Үй иелерінің бейқамдығы да жағдайға кері әсер етіп отырғанын Бектенов атап өтеді. Көп адамдар ақауы бар пеш жағады. Қысқа дайындық шараларына салғырт қарайды. Қарапайым қауіпсіздік техникаларын бұзып жатады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, жеке тұрғын үйлерге рейд жүргізуді жандандырып, қауіпсіздік мәдениетін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды.